Қарт майдангердің өмірлік жолы

245

Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында сұрапыл соғыста неміс басқыншыларына тойтарыс берген майдангерлер жайлы өздеріңізді таныстыруды жалғастырамыз.

Бүгінгі кейіпкеріміз Түлкібас ауданының тумасы Ұлы Отан соғысының ардагері — Сәрсен Әбдінұров.

98 жастағы Сәрсен ата қыздарының өтініші бойынша кеудесінде 2 дәрежелі «Ұлы отан соғысы» ордені, Кеңес Одағы маршалы Жуковтың медалі және өзге де  медальдері тағылған мерекелік костюмін иығына ілді. Сәрсен Әбдінұров сұрапыл соғысқа ағасы Оңғарбаймен бірге 1943 жылы аттаныпты. Алғашында Украина майданында 368 және 823 атқыштар полкі құрамында шайқасты. Жеңісті Берлинде қарсы алған жауынгер 1947 жылы елге оралды. Бүгінде Шымкент қаласында тұрады.

Гүлнар ӘБДІНҰРОВА, ҰОС ардагерінің қызы: «Әкем соғыс жайлы айтқанды ұнатпайды. Берлинде болған оқиға жайлы кейбір кезде айтатын. Неміс балалары Совет сарбаздарынан бастапқыда қорқып шақырғанда қашып кетіп жүріпті. Бара бара жауынгерлердің қамқорлығы мен мейіріміне көздері жетіп , үйреніп нан, қант бергенде үркімей алып кететін болыпты… Әкеме алғысымыз шексіз».

Білімге құштар жауынгер 1951-1953 жылдары аралығында Алматыдағы жоғары құқық мектебінде оқып, екі жылдан кейін Киров атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түседі. Оны 1961 жылы тәмамдайды. Іскерлігі, жауапкершілігі арқасында көп жылдары мемлекеттік органдарда қызмет еткен.

Рая ӘБДІНҰРОВА, ардагердің келіні: «Осы әулетке келгеніме 60 жыл болыпты. Ағамыз бен әпкеміздің ашуланғанын көрген емеспін. Сарсен аға өте мейірімді  жан,  сондықтан болар  Алла Тағала ұзақ ғұмыр бергені».

Қарт майдангердің қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі Әбдінұровтар әулетінде ғана емес, туып өскен Кемербастау елдімекенінде де аңызға айналған. Дүниеден озған жұбайы Жұмакүл әжені Сәрсен ата Жұмашым деп еркелеткен екен. Бүгінде қарт майдангерді ұлдары мен қыздары аялап, қастерлеуде.

Шынар Оразова