Шымкентте 115 спорт алаңшасы ел игілігіне берілмек

127

Биыл Шымкентте 100-ден астам спорт алаңы бой көтереді. Солардың алғашқысы бүгін Әл Фараби ауданында қолданысқа берілді. Инвесторлар қолдауымен ашылған спорттық орын тек жасыл алаңнан тұрмайды. Одан бөлек, стрит воркаут алаңы мен балалар әткеншегі де бар. Әкімдік сөзінше, алаңшалардың барлығы да кәсіпкерлер көмегімен соғылмайды.

Шымкенттегі Әл-Фараби ауданында тағы бір спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Денені шынықтыруға арналған орын тек жасыл желек пен ойын алаңынан тұрмайды. Мұнда көше спортына арналған турниктер де бар.

Мұны көрген аула тұрғындары дән риза. Сөздерінше, заманауи спорт алаңын күткендеріне көп болған. Енді міне каникулға шыққан оқушылар смартфонға телмірмей, спортпен шұғылданады дейді ата-аналар.

Айзада АСАНОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Өте ұнап жатыр. Керемет болды. Осы балалардың бүгін мектепті бітіргеніне сай, одан карантин кезінде бәрі денсаулықтарын мықтылап, жақсы ойнайтын болды енді. Өте қуаныштымыз. Рақмет».

Өтегүл ТҰРҚАШЕВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Балалардың ойнайтын жерінің барлығы әдемі. Барлығы жақсы. Әрине, күттік. Балаларымыз ойнайды. Жақсы болды».

Айта кетейік, бұл спорт алаңшасы кәсіпкерлер демеушілігімен пайдалануға беріліп отыр. Инвесторлар сөзінше олар бір ғана спорт нысанын ашумен шектелмейді. Және ол үшін 100 млн. теңге бөліп отыр екен.

Серік ТӨЛБАСОВ, жеке кәсіпкер: «Бізге қала әкімінің бастамасы өте ұнады. Және біз оны қолдауға бел байладық. Ол үшін 100 млн. теңгеден аса қаржы бөлдік. Енді бұл сомаға бірнеше спорт алаңшасын соқпақшымыз».

Ал, қала әкімінің орынбасары биыл Шымкент бойынша 115 спорт алаңшасының ел игілігіне берілетінін айтады. Оның 14-і кәсіпкерлер қолдауымен, қалғаны бюджет есебінен тұрғызылмақ. Жалпы әр орталық құны 5-19 млн. теңгеге дейін жетеді дейді Мақсұт Исахов.

Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Барлығын бір пішінде жасауға тырысамыз. Өйткені жердің тарлығына байланысты воркаут алаңшалар болмауы мүмкін. Бірақ, ондайлар көп емес. Тек қана алаңшалар осындай. Ал негізінен воркаут бірге болады. Жалпы біздің 115-тің 80-нен астамы ауылды мекендерде болады».

Енді Шымкенттің тек орталық аумағы ғана емес, шалғай орналасқан көптеген елді-мекен халқы да спортпен белсенді шұғылдануға мүмкіндік алмақ.