Қазақстан Халқының бірлігі күніне орай түрлі этнос өкілдері бүгін Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында жиналды. Әдетте дастархан жайып, ұлттық тағамдарын ұсынатын ұлт өкілдері биылғы 1 мамырда ағаш отырғызбақ. Осылайша бірлік күні карантинде де ұмыт қалған жоқ. Жас көшеттерді түрлі ұлт өкілдерімен қала әкімі де отырғызды.


Тәуелсіздік саябағында бүгін барлығы 80 түп ағаш отырғызылды. Қарағай, шырша, емен сынды 6 түрлі көшетті еккендердің бірі – Икрамжан Хашимжанов. Қазақстан өзбектері қауымдастығының төрағасы биылғы мерекенің тым бөлек өтіп жатқанын айтады. «Жыл сайын түрлі палау фестивалімен елді тәнті ететінбіз»,- деген ол бұл дәстүрдің келер жылы жалғасатынына сенеді.


Икрамжан ХАШИМЖАНОВ, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктер «Достық» қауымдастығының төрағасы: «Тәуелсіздік алаңында ағаш отырғызып жүрміз. Бұл достық аллеясы болып есептеледі деген ойымыз бар. Бұл Тәуелсіздік алаңын бұдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып берген. Біздің егіп жатқан ағашымыз игіліктің, жақсылықтың, достықтың рәмізі деп егіп жатырмыз».

Жас көшеттерді егіп, жаңа кешенді аралаған қала әкімі болса, Шымкенттегі ұлыс өкілдерін мерекемен құттықтады. Және бірлік түбі береке екенін жеткізді.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкент қаласындағы этнос өкілдерімен бірге әрқашан бірлік үшін жұмыс атқарып жатырмыз. Ынтымақ үшін. Болашақта ынтымағымыз әрқашан жеңістерге алып келеді. Осы уақытқа дейін Елбасымыз, Мемлекет басшымыз айтып жатыр ғой. Осы қазіргі еліміз ынтымақ пен бірлік арқасында қазақ елі дамып келеді».

Айта кетейік, үшінші мегаполисте бүгінде 100-ден астам ұлт өкілдері күн кешуде. Олардың 65 пайызы қазақ болса, 18 пайызы өзбек және 10 пайызы орыс, қалғаны түрлі этно өкілдерін құрайды.

Назерке Үкібасова