Түркістан облысында тауда адасып кеткен туристер тобынан үш бала табылды. Әбден қалжыраған олар ағыны қатты өзен жағасында отырған. Табылғандар дін аман. Медициналық көмек қажет болмады. Қазір қалған төрт адамнан тұратын туристердің екінші тобын іздеу жалғасуда.
Құтқару операциясының бұл кадрлары әп-сәтте әлеуметтік желілерде кең таралып кетті. Туристерді іздеу шарасының үшінші күні алғашқы нәтижесін берді. Құтқару тобы жастарды әуеден байқаған. Оларды көтеру үшін сыйымдылығы үлкен МИ-8 тікұшағы көмекке келді. Табылған жеті туристің үшеуі арнайы арқанды пайдаланып жоғарыға көтерілді.
Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: «Сағат 13: 45-те олар Шымкент әуежайына жеткізілді. Құтқарылған адамдарға медициналық-психологиялық көмек қажет емес. 25 мамырда олар екі топқа бөлінген. Төртеуі Өгем шатқалымен төмен түскен. Жоғалған тағы төртеуін іздеу жалғасуда».
Табылған туристер — Назарбаев университетінің студенттері. Ақтөбе, Орал және Жезқазған қаласының тұрғындары. Тауға шыққан олар бағыттарынан адасып кеткен болып шықты.
«Біз 21 мамырда жорыққа шықтық. Екі күнде тау шыңына шықтық. Содан кейін қайтып түскенде, адасып кеттік. Топ мүшелерінің бірі ауырып, үшеуі сол жерде қалды, қалғандары өз жолын жалғастырды. Үш күн бойы біз тауда болдық, жиналғалы жатқанымызда бізді тапты», дейді студенттердің бірі.
Тәжірибелі альпинистердің айтуынша, туристер тобының бөлінуі іздеу жұмыстарын әбден қиындатуда.
Шамиль Рафиков, альпинизм нұсқаушысы: «Төртеуінің бөлініп кетуі жағдайды қиындатып тұр. Үш күн бұрын біреуінің ауырып қалуы себепті үшеуі сол орында қалған. Ал төртеуі өз жолдарымен жүре берген. Сондықтан олардың нақты қай жерлерде жүруі мүмкін екенін анықтай алмай отырмыз».
Еске салсақ, 7 жас жігіт 21 мамыр күні Түркістан облысындағы тауға жорыққа шыққан. Олар оралмаған соң туыстары дабыл қақты. Сайрам-Өгем ұлттық саябағында іздеу жұмыстары жалғасуда. Құтқару операциясына тікұшақтар, тәжірибелі альпинистер, құтқарушылар және кинологтар жұмылдырылды.
Ақмарал Айтбаева