Түркістан қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде, Түркістан қаласында жедел жәрдем көлігімен түнгі уақытта ән айтылғаны түсірілген бейнежазбаны тапты. Аталған жайт бірден полиция қызметкерлерінің назарына алынып, қажетті тексеру жұмыстары жүргізілді.
Полицейлер тиісті тексеру жұмыстары нәтижесінде, оқиғаның Түркістан қаласы Б. Саттарханов даңғылында 30.04.2021 жылы түнгі сағат 02.00 шамасында болғанын анықтады. Яғни қызметтік көлік жүргізушісі Арыс қаласының тұрғыны облыс орталығы Түркістан қаласына жедел жәрдем көлігімен Арыс қаласынан ем алған адамды алып келгеннен кейін, қайтып бара жатқан уақытта көліктің дауыс зорайтқышы арқылы ән айтып, түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Түркістан ҚПБ полицейлері жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-бөлігі «Тыныштықты бұзу» бойынша хаттама толтырды. Ер азамат тиісті сот-наркологиялық сараптамадан өткізіліп, куәландыру қорытындысына сәйкес оның спирттік ішімдік ішпегені белгілі болды. Құқықбұзушы өзінің кінәсін толық мойындады.
Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбасы үшін полицейлер тарапынан еразаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.