Úı ANONS Ақылды жүйе жедел жәрдемге қызмет етеді

Ақылды жүйе жедел жәрдемге қызмет етеді

Шымкентте жол қозғалысын басқарудың заманауи тәсілдері енгізіліп жатыр. Соның бірі – Интеллектуалды көлік жүйесі немесе ITS. Аталған жүйе жедел жәрдем көліктерінің қозғалысына басымдық беріп, науқастарға шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне мүмкіндік жасауда. 

 

Қазіргі таңда қаладағы бес реанимациялық жедел жәрдем көлігі ITS жүйесімен интеграцияланған арнайы трекерлермен жабдықталған. Арнайы шақыртуға шыққан жедел жәрдем көлігі жол қиылысына жақындаған сәтте жүйе оның қозғалысын автоматты түрде анықтап, бағдаршамдардың жұмыс режимін реттейді. Нәтижесінде көліктің жүру бағыты бойынша «жасыл дәліз» қалыптасып, оның кедергісіз әрі жылдам қозғалуына жағдай жасалады екен.

 

МҰРАТ БЕРДІБАЕВ, №2 БЕКЕТ ЖҮРГІЗУШІСІ: «Ең бірінші кептелістен айналып өтеміз. Ауыр науқастағы адамдарды ауруханаға жеткізу уақытша қысқарды. Бұрынғыдан жеңілдеу болды. Қазір жүргізушілердің де мәдениеті жоғарылап жатыр. Оңға солға жол ашып беріп жатыр».

 

Мамандардың айтуынша, интеллектуалды жүйе тек арнайы қызмет көліктеріне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жалпы көлік ағынын реттеуге де ықпал етеді. Жүйе жолдардағы қозғалыс қарқындылығын нақты уақыт режимінде сараптап, бағдаршамдардың жұмысын көлік жүктемесіне қарай бейімдейді.

 

РАМАЗАН БАРАТОВ, ДИСПЕТЧЕР: «Бізге мынау жұмыс серверге хабарлама келіп түседі. Автокөліктің нөмірі, қай ауруханаға баратынын жазылады. Сол кезде мына кнопканы басып, приорететті қосамыз. Мынаны басып, қосқан кезде барлық светофор жанып отырады».

 

Мұндай технология жедел жәрдем бригадаларының оқиға орнына немесе медициналық мекемеге қысқа уақыт ішінде жетуіне мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырып, шұғыл медициналық көмектің тиімділігін күшейтеді.

 

ТАЛҒАТ ДӘУРЕНБАЙ, АҒА ФЕЛЬДШЕР: «Біздің жедел медициналық автоматтандырылған жүйесі, яндекс севистерімен біріктіру арқылы жедел жәрдем бригадаларының қай жерде тұрғанын, келе жатқанын барлығын көріп отырады. Кол центрді көріп отырсыздар. Бұл жерге түсетін шақыртуларды азайтады. Ашықтықты көрсетеді. Және өзара халықпен бірге жұмыс жасауды іске асыратын болады».

 

Бүгінде ITS жүйесі Шымкент қаласындағы 354 бағдаршам нысанын қамтып отыр. Нәтижесінде жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, көлік кептелістерін азайтуға және жүргізушілер үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр. Ал қала бойынша 120 брида дұмыс істейді. Оның ішінде арнайы дәрігерлік -29 болса, 3-уі  реанимациялық және 2 кардиологиялық көлік бар.

Нұргүл Жолымбетова