Úı ANONS Шымкенттіктер жедел жәрдемнің қозғалысын Yandex Go арқылы бақылай алады

Шымкенттіктер жедел жәрдемнің қозғалысын Yandex Go арқылы бақылай алады

Шымкент тұрғындары енді жедел жәрдем көлігінің қозғалысын Yandex Go қосымшасы арқылы бақылай алады. Жоба – жедел қызметтердің ашықтығын арттырып, науқастардың алаңдаушылығын азайтуға бағытталған. Енді шақырту рәсімделгеннен кейін пайдаланушыға маршрут пен келу уақыты көрсетілген хабарлама автоматты түрде жіберіледі. Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық диспетчерлік қызметпен байланысты жеңілдеп, қаланың цифрландыру үдерісінің бір бөлігіне айналмақ.

Digital Qazaqstan форумында Yandex Qazaqstan компаниясының жаңа мүмкіндіктері  туралы Тимур Шалекенов егжей-тегжейлі айтып өтті. Жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асқан. Енді жедел жәрдем шақырған тұрғындарға арнайы сілтеме жіберіліп, карта арқылы көліктің нақты уақыттағы қозғалысын көруге болады. Бұл – такси қызметіндегі секілді ыңғайлы жүйе дейді мамандар.

ТИМУР ШАЛЕКЕНОВ,  YANDEX QAZAQSTAN БАС ДИРЕКТОРЫ: «Енді Шымкент тұрғындары жедел жәрдем шақырғанда, әсіресе шұғыл жағдайларда, көліктің қай жерде келе жатқанын және қанша уақытта жететінін көрсететін арнайы сілтеме алады. Бұл адамдардың алаңдаушылығын азайтып, күту уақытын нақты түсінуге мүмкіндік береді».

Жіберілген сілтемені жақындарымен бөлісуге де болады. Осылайша олар да жедел жәрдемнің қозғалысын бақылай алады. Мұндай жүйе Астана, Қостанай және Ақтөбе қалаларында бұрыннан іске қосылған. Мәселен, елордада бұл қызмет жедел жәрдемге қайта-қайта қоңырау шалуды 40 пайызға дейін азайтып, колл-орталықтың жүктемесін жеңілдеткен. Yandex Qazaqstan өкілдері бұл Шымкентте жүзеге асатын цифрлық жобалардың бір бөлігі ғана екенін айтады.

ТИМУР ШАЛЕКЕНОВ, YANDEX QAZAQSTAN БАС ДИРЕКТОРЫ: «Біз қаланы барынша ыңғайлы ету үшін бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, навигаторда жол қозғалысын жоспарлағанда бағдаршамдардың қай фазада тұрғанын – жасыл, сары, қызыл түстерін көруге мүмкіндік болады. Мұндай жүйе енгізілген қалаларда көлік қозғалысы жылдамырақ жүзеге асады».

Мамандардың айтуынша, бұл сервис Шымкентте жақын уақытта іске қосылады. Осылайша, Yandex Go қалалық өмірді жеңілдететін әмбебап цифрлық көмекшіге айналмақ.

Нұргүл Жолымбетова