Шымкенттегі ИЧ 167/4 түзеу мекемесінде бүгін мереке. Жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектер 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арнайы концерт ұйымдастырыпты. Сыйлық дайындап, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жіберіпті.
Айнұр Әділбекова, ИЧ 167/4 мекеме бастығы: «Шымкент қаласы прокуратурасымен бірлесе отырып ұйымдастырылып отырған іс-шара. Өздеріңіз көріп отырғандай қолөнерлерін дайындаған осы жердегі балалар үйіне барып олардың бәрін табыстаймыз. Оларға мейрамға қуаныш сыйлаймыз».
Түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелдердің көбінің балалары бар. Алайда ұл-қызымен қауышуына жол жабық. Солардың бірі – ақтөбелік Альбина. 35 жасқа енді толған келіншек бұған дейін 7 рет құрсақ көтеріпті. Ең өкініштісі – жетеуінен 8 жасар қызы ғана бар екен.
Альбина, жазасын өтеуші: «7 бала құрсақта көтергенмін. Соның үшеуін дүниеге алып келдім. Қалғаны мына сот қаралу барысында егіз сәбиімнен айырылып қалдым. Бірінші балам көз алдымда көлік апатынан қайтыс болды. Көз алдымда 5 жарым жасында қайтыс болды. Екінші қыз балам ауруханада менімен бірдей ана атанған азаматшаның баласына салынатын дәріні менің балама салып жіберіп, судорогы ұстап балам содан қайтты».
Альбина алаяқтық қылмысы үшін темір торда отыр. Айтуынша, амалы таусылып, алаяқтық іс жасаған. Кейін қылмысын мойындап, полиция учаскесіне өзі барыпты. О кезде егіз балаға аяғы ауыр екен. Полицияға берілуіне де сол себеп болған. Алайда іштегі егіз сәбиі сот процесстері кезінде шетінепті.
Альбина, жазасын өтеуші: «Баламның қазасына кінәлілер жазалансын деген оймен, ақша іздеу барысында осы қылмысқа кіріп кеттім. Жоқ мен жалғыз жасадым. Бірақ іс-әрекетімді ашуға өзім барғанмын полицияға. Ол кісілер мені іздеген жоқ. Мен осындай-осындай қылмыс жасадым. Қазіргі таңда ана болуыма дайындалып жатырмын. Сол себепті заң алдында өткенім дұрыс деп мен жаздым».
Альбина жалғызы – 8 жасар қызын мерекесімен алдын ала телефон арқылы құттықтапты. Қазір ата-апасының қарауында екен. Түрмеге қамалғанын қызына да өзі түсіндірген. 3 жыл 7 айға сотталыпты. Соның 8 айы өтті. «Ендігі өмірімді жалғыз қызыма арнаймын» деп отыр. Ең өкініштісі – «мерекесінде жанында бола алмағаным» деп мұңаяды.
Олжас Айдарбек