Шымкентте демалыс күндері қатты жел тұрып, дауылдың екпіні секундына 28 метрге дейін жетті. Салдарынан қаладағы көпқабатты 8 тұрғын үй мен 4 жеке меншік үйдің шатыры ұшып кеткен. Сонымен қатар 8 автокөлікке зақым келген.

Шымкентте күні кеше кешкі соққан желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетті. Салдарынан бірнеше мекенжайда үйлердің шатыры ұшқан. Жібек жолы көшесінде орналасқан мына көпқабатты тұрғын үйдің 300 шаршы метрге жуық шатырына зықым келген. Тұрғындар, бірден төтеншеліктерге хабарласқан. Қазіргі таңда мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Владимир Чиркин, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кеше қатты дауыл болды. Жел біз тұратын үйдің шатырын жұлып әкетті. Енді қазір қарасаңыздар, шатырдың соңғы бөліктері ғана қалған. Оны ұстап қалған кабель. Ал ол болмағанда шатыр жерге түсіп, біреуді зақымдайтын еді».

Қатты соққан дауыл салдарынан, Шымкентте жалпы саны көпқабатты 8 тұрғын үй мен 4 жеке меншік үйдің шатырына зақым келген. Оқиға орындарында 6 бірлік техника мен жеке құрамнан 25 адам жұмылдырылған.

Сондай-ақ, екпіні күшті соққан желдің салдарынан 8 автокөлікке зақым келіпті.

Ал әлеуметтік желіде тарап кеткен мына видеоның қайда орын алғаны нақты белгісіз. Себебі төтеншеліктер хабарсыз екен.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық ТЖД бастығы:» Инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерінде таратылған видео бойынша бізге хабарлама келіп түскен жоқ. Жарылыс болды ма немесе электр сымдарының қысқа тұйықталуы болды ма? Ол бойынша департаментке хабарлама келген жоқ».

Сондай-ақ, жойқын дауыл салдарынан 600-ге жуық тұрғын, атап айтқанда, Нұрсат, Достық, Қайтпас-2, Сәуле шағынаудандары мен Тельман бөлімшесінің абоненттері электр жарығынсыз қалды. Авариялық апатты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жарық қайта қосылды.

Айта кетейік, қалада қатты дауылдың орын алатыны туралы тұрғындарға СМС, теле, радиолар арқылы хабарлама таратылған. Тіпті «Дәрмен» қосымшасы арқылы да ескерту жариялаған. Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.

Камила Есенғали