Шымкенттегі «Алма» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үй сапасына шағымданды. Айтуларынша, пәтерді сатып алғанына ай өтпей ши шыққан. Наразы тұрғындардың шағымын телеарна тілшісі тыңдап көрді.
«Айтарлықтай қазір далада жел болып тұрған жоқ. Міне, осылай. Мына жерден тіпті дала көрінеді. Қазір далада тыныш ауа-райының өзінде жел осылай қатты уілдеп тұрады»
Бұл биыл Алау Сейдуллақызы отбасымен бағдарлама арқылы «Алма» тұрғын үй кешенінен сатып алған 2-бөлмелі пәтерінің сиқы. Пәтердің терезе, қабырғасынан жел уілдеп, жауын-шашында су өткен. Еденге төселген линелиум көтеріліп кеткен.
АЛАУ СЕЙДУЛЛАҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН: «Жел тұрғанда даусы қатты естіледі. Терезелердің астынан дала көрініп тұрады. Өткенде айтқанымызда өздеріңіз сылап аласыздар деді. Мардымды жауап ала алмадық. Тек терезелердің резинасын ауыстыру ғана болды. Және сыртқы жөндеу жұмыстары кішігірім жүріп жатыр. Одан ешқандай қайран болған жоқ».
Мәселе тек бір пәтерде емес дейді тұрғындар. Олардың сөзінше, тұрғын үй кешеніндегі ондаған пәтерден ақау шыққан. Шатыр мен бірге жертөлеге де су жиналады. Жеделсаты дұрыс жұмыс істемейді. Жығылғанға жұдырық, үйдің құжатынан да ши шыққан. Бұл туралы құрылыс компаниясына шағымданған. Алайда әлі күнге нәтиже болмай тұр.
ГҮЛНАЗ МАҚСҰТОВА, ТҰРҒЫН: «Үйдің сапасы нашар. Мына жерде бір ғана менің үйім емес, көп тұрғындардың үйіне су өтеді. Ауа кіреді, есіктерінен жел кіреді, үйлері жылымайды. Бала-шағасынан обал болды. Су өтіп-өтіп, үйлеріндегі барлық заттары су болып кетті. Ай сайын 180 мың теңге төлейміз. Тағы да су басып жатқан үйде тұрамыз. Бала-шаға жаурайды, жылымайды. Сыртқы есіктері дұрыс жабылмайды. Балкондағы терезелер құлап жатыр. Қабырға құлап жатыр ғой, су өте беріп. Сарғайып, құлап жатыр».
САРЖАН БАҚЫТЖАНҰЛЫ, ТҰРҒЫН: «Менің негізгі уәжім, тұрғындардың да уәжі құжат мәселесі. Тексердік, құзырлы орындарға бардық. Тексере келе құжат құрылысқа дейін басқа кадастр нөмірімен берілген. Кейіннен кадастр нөмірі өзгертілген. Не үшін өзгертілгені бізге қызық болып тұр».
Тұрғындардың шағымымен тұрғын үй кешенін салған «DALA-CONSTRUCTION.KZ» компаниясының әкімшілігі таныс. Компания дерегінше, шағым негізінде жұмыс басталған. Мәселе, мердігер компаниялардың сапасыз жұмысында.
АСЫЛБЕК МӘУЛЕНОВ, «DALA-CONSTRUCTION.KZ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ: «Тұрғындар терезе бойынан су өтуге байланысты, және жоғарыдан су өтуіне байланысты шағымданған. Шағым бойынша, жұмыс жасаймыз. Жұмыс атқарған мердігерді шақырып жатырмыз. Біздің компаниямен келісіпшартымыз бойынша гарантиясымен жұмысты атқарып беруі керек. Тұрғындар айтқан уәждер бойынша, толықтай орындар беруде».
«Алма» тұрғын үй кешенінде 108 пәтер бар. Оның басым бөлігі сатылған. Ашуға булыққан тұрғындар құрылыс компаниясынан мәселені тез арада реттеп беруді талап етеді. Әйтпегенде сотқа дейін барамыз дейді.
Дилара Иса






