Арыс қаласында «Қазақ еліне алғыс» атты мемориалды тақта орнатылды

64

Арыс қаласында «Қазақ еліне алғыс» мемориалды тақтасының ашылу салтанаты өтті. Ол 2019 жылғы 24 маусымда орын алған жарылыстың зардабын жоюға қатысқан барша азаматтар мен өңірлерге алғыс ретінде орнатылып отыр. Жиынға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихаттың хатшысы А.Байтанаев, еңбек ардагерлері, мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шарада алғаш сөз алған шаһар басшысы мемориалды тақтаның мән-маңызына тоқталды.
«Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары Елбасы Н.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың, ҚР Премьер Министрі А.Маминнің, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей бақылауында болды. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарға бекітіліп берілді. Облыс әкімінің басшылығымен тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы қайта қалпына келтіру мақсатында 17 штаб құрылды. Аз ғана уақыттың ішінде қала түгелдей жаңғырды, жаңадан үйлер салынып, зақымданған ғимараттар қайта қалпына келтіріліп, жолдар жаңарды. Жаңа нысандар бой көтерді. Арыс қаласы жаңа кейіпке енді. Бұл бүкіл елдің жұмыла кірісіп, бірлікпен атқарған ісінің нәтижесі. Сондықтан Арыс қаласы тұрғындары қаланы қалпына келтіруге атсалысқан барша отандастарымызға, Қазақ Еліне алғыс айтады», — деді Гүлжан Мамытқызы.
Жиын соңы мәдениет үйі қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Мемориалды тақтаны жасаған жергілікті мүсінші Мүтәліп Күздеубаев, ал тақтадағы мәтін авторы жергілікті ақын Мыңжасар Дәрменов.