Қ. Тоқаев тұрғындарды ауыл әкімдерінің сайлауына белсенді қатысуға шақырды

131

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ауыл әкімдерінің сайлауында белсенді дауыс беруге үндеді. Бұл туралы ол өзінің твиттер парақшасында жазды. Президенттің пікірінше, бұл саяси жаңғырудың жаңа кезеңі. 25 шілдеде өтетін саяси доданың ерекшелігі әкімдерді ауыл тұрғындары өздері сайлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек».

Аудандық сайлау комиссияларының шешімімен еліміздің 14 облысының 176 ауданында 730 сайлау округі бойынша сайлау жарияланған болатын. Ал, Түркістан облысының 16 ауданында 60 ауылдық округтің әкімдері сайланбақ. Өңірде тіркелген үміткер саны – 210.

Олжас Айдарбек