Шымкент темір жол вокзалында ASHYQ қосымшасы енгізілді

135

Шымкент қаласының теміржол вокзалында бүгіннен бастап «Ашық» мобильді қосымшасы енгізілді. Енді пойызға билет алмас бұрын, қосымшаға кіріп статусыңызды тексеріп алған жөн.

Жолаушыларды шығарып салушылар мен күтіп алушылар да енді вокзалға тек «Ашық» қосымшасы арқылы кіре алады. Сары және қызыл статустағы азаматтар сапарға жөнелтілмейді. Мәртебесі «қызыл» азаматтарға 87 510 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал «сары» статустағыларға ескерту беріледі.

Дархан Қуанышбеков, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының диспетчерлік қызмет көрсету орталығының басшысы: «Қазіргі таңда Шымкент қаласы теміржол вокзалында кіреберіс жерінде қызметкерлер отыр. Ол қызметкерлер жолаушылардың кірген кезде «Ашық» бағдарламасынан өту барысын тексеруде. Ол жерде смартфон арқылы QR кодты сканерлеп кіргізіледі».

Қаланың Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, қызыл және сары статустағыларға билеттердің қайтару ережесі бекітілген. Оларға билет құнының 50 пайызы қайтарылады.

Ал 1 тәулік бұрын вокзалға кіруге рұқсаты жоқ екенін білгендер билетін сол сәтте қайтарса, ақшасын толығымен ала алады. Мамандар билетті онлайн алуға кеңес береді. Себебі, кері қайтарған жағдайда ақшаңыз сол сәтте түседі. Ал кассадан билет алғандар ақшасын кері қайтарғысы келсе, біраз күтуіне тура келеді.

Әлихан Файзханов