Шымкентте 3 бірдей мұз айдыны салынады. Бұл бір күнде жүз мыңнан аса адамның сырғанауына мүмкіндік береді. Жоба кәсіпкерлердің есебінен жүзеге асады. Ал олар шығынын қалай қайтарады? Жоба және оның төңірегіндегі сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
«Біз бұрын-соңды Шымкентте болмаған тағы бір жобаны қолға алып жатырмыз».
Шымкентте қаланың үш жерінен ашық аспан астындағы мұз айдыны салынады. Онда бір мезетте мыңдаған адам тегін коньки тебе алады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек хабарлады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қаланың бірнеше нүктесінде қысқы сырғанақ, ашық сырғанақ нүктелерін ашқалы отырмыз. Оның бірі мұз айдынының жанында болады. А. Байтұрсынов көшесінің бойынша ашық мұз айдыны болады. Көлемі 550 шаршы метр. 34/17 . Ұзындығы 34, ені 17. Бұл жерде тәулігіне 20-30 мың адам сырғанай алатындай мүмкіндік бар. Осыншама адам келеді деп отырмыз. 400 кв мұздатқыш жабдығы болады. Айына 40-60 куб суды пайдаланатын болады».
Дәл осы Мұз сарайының ауласындағы сырғанау алаңын салу басталып кетті. Жоба кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Жалпы жобаның басты мақсаты әр адамның қысқы демалысы үшін жайлы және қауіпсіз жағдай жасау дейді әкімдік. Мұндай алаң қаланың 3 жерінде салынады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Арбат аллеясында мұз алаңын қоймақшымыз. Бұл жерде үлкенірек болады. Жалпы ауданы — 1830 шаршы метр. Ұзындығы 150 метр және ені 12,5 метр болады. Арбаттың көлемінің өзі сондай ғой білесіздер. Шамамен 50-60 мың адам сырғанайды деп ойлап отырмыз. 400 кВт тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталады. 80-100 куб су жұмсалатын болады».
Үшінші мұз айдынын салу орны ретінде қала әкімдігі алдындағы Астана алаңы таңдалған. Оның көлемі Арбаттағымен шамалас. Бұл үшін бюджеттен бір тиын бөлінбейді. Кәсіпкерлер алаңды салады, мұз айдынын жасайды. Тек демеуші компанияларға коньки мен қажетті жабдықтарды жалға беруге және ыстық сусындар сияқты ақылы қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі. Әкімдік мәліметінше, бұл шыққан шығынды ішінара өтеуге көмектеседі.
Дилара Иса






