ТЖМ ескертеді: Алдағы күндері тағы да аптап ыстық күтілуде

157

Алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірлерінде аптап ыстық ауа райы күтілуде. Синоптиктер болжамы бойынша Шымкент қаласында 24-25 шілде күндері ауа температурасы + 40 +42 градусқа дейін көтеріледі.

Ал Түркістан облысында сынап бағаны күндіз +46 градусқа дейін жетуі ықтимал дейді мамандар. Түнде +22 +27 градус жылы болады. Ыстықтың беті шілденің 27-і ғана қайтады деп болжанып отыр.

Әсем Нұрғалиқызы, «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі: «Термикалық депрессияның әсерінен ыстық, құрғақ ауа-райы күтіледі. Шымкент қаласында жауын-шашын жаумайды. Ауа температурасы түнде 20-22 градус. Күндізгі ауа температурасы 24-25 шілдеде 40-42 градусқа дейін көтеріліп, 27 шілдеден бастап біртіндеп төмендейді».

Аптап ыстыққа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі халыққа қажеттілік болмаған жағдайда далаға шықпауға кеңес береді. Сонымен қатар, төтеншеліктер азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады.

Мөлдір Ибадуллаева