Төлеби ауданы Зағамбар ауылының тұрғындары ауыз судың жоқтығына шағымданады. Олар әлеуметтік желіге видео жариялап мәселені тез арада қолға алуды және суды үздіксіз беруді сұрады.

Бұл бейне жазба әлеуметтік желіде тарады. Онда тұрғын Төлеби ауданындағы Зағамбар ауылында 8 күннен бері судың жоқтығына шығымданады. Кадрлардан екі суағардан да бір тамшы ақпайтынын көруге болады. Видео авторының айтуынша, жауаптылар шағымданып келген тұрғындарды жас баланы алдағандай шығарып салумен келеді екен.

Бұл бейне жазба тарағаннан кейін Зағамбар ауылына барып көрдік. Ауыз су расымен де жоқ. Ауылдық балабақша қызметкері Акима Усманова су тапшылығы былтыр жазда да болғанын айтады. Тұрғындар суды насос арқылы тартып отыр. Алайда, ол суғаруға болмаса, ішуге жарамсыз екен.

Акима Усманова, Бірінші мамыр ауылдық округі, Зағамбар ауылының тұрғыны: «Леңгірге звондадым өтініш қалдыр жақында болады дейді. Сол бойынша жоқ жауап. 3 апта болды. Өткен жылы да болды осындай 2-3 күн бірақ қайтып жайына келген. Себебін білмеймін ғой ешкім ештеңе айтпайды. Қарасып жатыр, істеп жатыр дейді».

Ауылдық округ әкімдігі ауыз су мәселесінің барын жасырмайды. Бірақ тіршілік нәрі ауылдағы барлық үйде емес, тек кейбірінде ғана жоқ дейді. Оның себебі су дебетінің азаюынан екен-міс.

Салдарынан кей тұрғындарға ауыз су белгіленген кестемен беріліп келеді екен. Ал, 2018 жылы құрылысы жүрген су құбырларында еш кінәрәт жоғын айтады.

Ханай Әшірбеков, Бірінші мамыр ауылдық округінің әкімі:» Ауылда 876 үй бар. Оның 810-ына су нақты барып тұр. 27 үй өздерінде құдықтары болғаннан кейін отказ берген. 810-ның ішінде 203 үй шілде айында мүлде су болмай қалатынын бізге айтқан болатын. 200-ден астам үйдің су ішпей қалу мүмкіндігі болғаннан кейін график қойып сомен беріп жатырмыз. Шындығын айту керек, бүгінгі таңға 4-ші көшенің бас жағында 30 абонемент, соған жапсарлас орналасқан Саз көшесінде де 30-40 абонементте су жоқ».

Ауыл әкімінің сөзінше, қазір бұл мәселе қолға алынған. Қосымша бұлақ көзі табылып, сусыз отырған жұртшылыққа жеткізу көзделіп отыр екен. Әкімдік тиісті орындарға ұсыныс да тастап қойдық деп сендірді. Алайда бәрі қаржыға келіп тірелетінін ашып айтты. Тиісті ақша бөлінсе, қараша айының соңына дейін ауыл үздіксіз сумен қамтылатынын жеткізді.