Жағдайы ауыр: Шымкентте токқа түскен қыз балалар ауруханасына ауыстырылды

216

Өткен аптада тоқ ұрып, қатты күйік алған қыз Шымкент қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылды. Бұған дейін ол Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында ем алған болатын.

Ақ халаттылар зардап шеккен жасөспірімді арнайы тасымалдау арқылы балалар ауруханасына ауыстырдық дейді.

Мадина Ермаханбетова, Шымкент қалалық Т.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері: «Ең бастысы науқастың жағдайы нашарлап жатқан жоқ. Бірақ әзірге жағдайы жақсы деп те айта алмаймыз.Тіпті болжам да жасай алмаймыз».

Естеріңізге сала кетейік, электр тоғы соққан 15 жастағы қыздың денесінің 91 пайызын күйік шалған еді. Қайғылы оқиға 21 шілде күні кешкі сағат 23:00 шамасында Шымкенттегі теміржол үстіндегі көпірде орын алды. Көпірдің үстіндегі темір торда жоғары вольтты сымдар болған.

Мамандардың болжамы бойынша қыздың шашы 27 мың жоғары вольтты кабельге қыстырылып, салдарынан тоқ соққан. Өрт сөндірушілер зардап шегушіні құтқаруға келгенге дейін жасөспірім темір тордың үстінде бір сағат бойы жатқан. Қыздың бүкіл денесі күйіп кеткен. Кейбір жерлерде күйік ең ауыр деңгейге, яғни төртінші деңгейге жеткен дейді ақ халаттылар. Қазіргі таңда дәрігерлер науқастың өмірі үшін күресуде.

Мөлдір Ибадуллаева