Жан түршігерлік оқиға қалалық темір жол вокзалы маңындағы көпірде болған. Темір торға шыққан 15 жастағы қыз тоққа түсті. Куәгерлердің айтуынша, тоқ ұрғаннан кейін жәбірленушінің денесі біршама уақыт жанған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін жасөспірімге ешкім көмектесе алмапты.

 Темір жол өкілдері көпір жаяу жүргіншілердің өтуіне арналғанын айтады. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарының барлығы сақталғаннын жеткізді. Оқиға болған көпір үстінде темір тор орналасқан. Оның төбесінен жоғары кернеулі электр сымдары өткен. Сондықтан мамандар ескерту белгілеріне назар аудару керек екенін айтады.

 

Нұрлан Бастаров, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ «Шымкент магистралдық желі бөлімшесі» филиалы директоры: «Шымкент станциясындағы жүргіншілер өтетін көпірдің үстіндегі 2,5 метрлік қоршаудың үстіне шығып кеткен. Ол жерде барлық қауіпсіздік ережелері сақталған. Жоғары кернеу жақындауға болмайды деген белгілер тұр сол жерде. Жасөспірімдер енді қалай шығып кеткенін білмейміз».

Абырой болғанда жасөспірім аман қалды. Ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлер қыздың денесінің 91 пайызы күйгенін айтады. Кейбір жерлерде күйіктер төртінші дәрежеге жетіпті. Ақ халаттылар әлі күнге дейін қандай да бір болжам жасай алмай отыр.

Мадина Ермаханбетова, Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері: «21 шілде күні 23:10-да бізге жасөспірім 2005 жылғы бала жедел жәрдем көлігімен жеткізілген болатын. Түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр дәрежеде. Жалпы электр жарақаты болған. Термиялық күйіктің электр жалынымен 2,3 аб және 4 дәрежесі. Ожогтық шоктың ең ауыр сатысымен түсті. Бала қазір жансақтау бөлімінде. Ем қабылдап жатыр».

Дәрігерлердің қыз аман қалса, оңалту бір жылдан астам уақытты қажет ететіндігін айтады. Ал, темір жолға жауаптылар көпірдің үстіндегі торға адамдар мүлдем шығалмайтындай етіп жасаймыз деп отыр.

Олжас Айдарбек