Әлеуметтік желі: Жасыл желекке қандай зат шашылып жатыр?

148

 Әлеуметтік желілерде арнайы киім киген қызметкердің жасыл желектерге белгісіз зат шашып жүрген сәтінің бейнежазбасы тарап кеткен болатын. Белгісіз сұйықтықтың не екенін түсінбеген видео авторы кейін қорқыныштан автокөлігінің терезесін жауып қойған еді. Мән-жайды біздің түсірілім тобы анықтап көрді.

Әлеуметтік желілерде жасыл желектерге белгісіз сұйықтық шашып жүргендердің видеолары тарап кетті. Бейнежазба авторлары адамдардың көкейінде сұрақ көп туындамас үшін препаратты әдейі түнде шашып жатыр деп сендірді.

Ал мына бір видеода ер адам коммуналдық қызмет көлігінің жүргізушісіне келеді. Оны видеоға түсіріп, жұмысын тоқтатуды талап етеді! Ол осындай белгісіз заттардың себілуінен соң туысы ауруханаға түскенін айтады.

«Билд строй» коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері бұл сұйықтықтарда адам өміріне қауіп келтіретін ештеңе жоқ екендігін айтады. Олар тұрғындардан қаладағы жасыл желектерді суғарып, зиянкестерден тазалап жатқандарына түсіністікпен қарауын сұрайды. Осындай аптап ыстық кезде жасыл желектерге күтім жасау оңай емес. Тіпті ыстыққа төзімді деген қарағаштың өзінің жапырақтары қурап жатыр дейді коммуналшылар.

«Қарағаш ағашының жапырақтарын көріп тұрсыз ба? Енді басқа не істейміз? Оларды жай қалдыру салу керек пе? Бұл қолданып жатқан сұйықтық зиянды емес, оны қоңыздың көзін құрту үшін ағаштарға шашып жатыр. Неліктен түнде шашып жатыр десеңіз, өйткені ауа райы +30 болған кезде өнім тез ериді, ал салқын болған кезде әсері көп болады» дейді мамандар.

Алайда, тұрғындардың барлығы дерлік мамандардың бұл түсінігіне сенгісі келмейді. Тіпті араларында ағаштарды зиянкестерден тазалап жүрген коммуналдық қызметкерлерге шабуыл жасап, қолындағы құрал-жабдығын алып қоюға тырысқан жағдайлар да болған екен.