Úı ANONS Табиғат аясындағы музей: Дендросаябақтағы ағаш түрі 330-ға жетті

Табиғат аясындағы музей: Дендросаябақтағы ағаш түрі 330-ға жетті

Ағаштың санын емес, түрін көбейтуді мақсат еткен қалалық дендросаябақ биыл 116 жаңа ағаш түрімен толықтырылды. Нәтижесінде гендік қор 214-тен  330 түрге жетті. Деректерге сәйкес: қылқан жапырақтылар – 34, ағаштар – 159, бұталар – 137 түрді құрап отыр. Бұл – сала мамандары үшін үлкен жетістік. Себебі олар,  үш жылдық жұмысты бір жылдың ішінде жүзеге асырған.

«Көпшілік халық дендросаябақты қаладағы басқа да мәдени саябақтармен шатастырады. Мұның негізі мән мағынасы мүлде бөлек.  Былайша айтқанда ашық аспан астындағы музей ғой».

Қала тұрғындары расында бұл саябақтың қызметін білмейді ме?

«Жоқ білмеймін. Өте қатты ұнайды маған. Күніне 2 ре ткелемін. Түсте, кешке. Таза ауа жұтып».
«Білмейміз қандай? Спортпен айналысуға, жүруге, қаладан қашып кішкене миымызды тыныштандыруға келеміз».

Иә, қаланың өкпесі саналатын бұл орында 100 мыңнан аса ағаш бар. Және қарапайым емес, сирек кездесетін, ерекше, жойылуға шақ қалған жасыл желектер.

КЕРІМЖАН ПІРІМҚҰЛОВ, БАС ДЕНДРОЛОГ: «Мынау қызыл қайың ағашы. «Қызыл кітапқа» енген. Мынау өзі биік таулы жерлерде өседі. Біз былтыр алдырттық. Өнім берді, өсті».

Міне осындай ерекше қорғауды қажет ететін немесе біздегі табиғатқа бейімделмеген бұталарды зерттеу, көбейту, қала халқына көрсету. Бұл дендросаябақта алғашында 1200 түрлі ағаш болған екен. Кейіннен тұрғындар осы қазынаның байыбына бармай оны отын ретінде қолданған-мыс. Бүгінге дейін 214 түрі ғана сақталыпты. Енді жоғалғанның орнын толтыру үшін қызметкерлер Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді шет елдер мен елдің бірнеше қаласындағы ботаникалық саябақтармен келісімге отырған.

ЕСДАУЛЕТ ДОСТИЯРОВ, ДЕНДРОСАЯБАҚ ДИРЕКТОРЫ: «400-ге жуық ағаштардың мынау тұқымдарын, қаламшасын, көшеттерін алып келдік. Соның ішінде 116 түрі бізге жерсініп, өсіп қазіргі бізде бар 214 түрге қосылып 330-ға жеткізіп отырмыз».

Әкелінген тұқымнан өсіп шыққан бұталарды қарасақ, шетелдік түрлердің біздің табиғатқа бейімделуі оңай емес. Олар арнайы күтімді қажет етеді және белгілі бір кезеңдерден өтуі тиіс. Тұқым алдымен сұрыпталып, зертханада тексеріледі. Кейін жылыжайға отырғызылып, өсіп-өнуі бақыланады

БИБІЖАМАЛ МӘЛІК, ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕР: «Жылыжайда өсіру тиімді. Өйткені бұл жерде ауа температурасын бақылауға мүмкіндік бар. Кейбіреулерін осылай жылыжай не түбекке отырғызып өсіріп аламыз. Содан кейін тұқымбаққа егеміз».

Тұқымбақта жерсінген көшеттер кейін саябақ аумағына отырғызылады. Бұл – ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесі. Сондықтан әртүрлі ағаш түрін көбейту мақсатында болашақта арнайы зертхана мен жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр.

Ботакөз Әнуар