Шымкентте карантинге байланысты жаңа шектеулер енгізілмек

186

Локдаун еліміздің бес қаласы мен өңірінде енгізіледі. Олардың қатарында Шымкент те бар. Екінші тамыздан бастап азық-түлік емес дүкендер, базарлар, караоке мен бильярд ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынады. Ал басқа кәсіпкерлік нысандарына тек ашық қосымшасымен жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Шымкентте карантин талаптары күшейтіледі. Алдағы дүйсенбі, яғни екінші тамыздан бастап қала тұрғындары жаңа ереже бойынша өмір сүретін болады. Мәселен, екі апта бойы шымкенттіктер азық-түлік емес дүкендерден тауарлар сатып ала алмайды. Қандай жағдай болғанына қарамастан, барлық базарлар жабылады. Тағы өзге де кейбір нысандар, яғни ашық аспан астындағы аттракциондар, моншалар, зообақ пен авкапарктер жұмысын тоқтатады.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «2 тамыз бен 16 тамыз аралығында кейбір нысандар жабылатын болады. Адам өмірі үшін аса қажет деп табылатын нысандар ғана жұмыс істейтін болады. «Ашық» бағдарламасына қатысушы нысандар 20:00-ге дейін, «көшбасшы» мәртебесі барлар сағат 22: 00-ге дейін жұмыс істейді».

Басқа кәсіпкерлік нысандарға «Ашық» бағдарламасымен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Сұлулық салондары таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ашық болады. 7:00-ден 20:00-ге дейін дәмханалар, мейрамханалар мен кофеханалар жұмыс істейді. Ал сағат 6:00-ден 20:00-ге дейін сауналар, Спа орталықтары мен спорт кешендеріне жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

«Көшбасшы» мәртебесі бар «Ашық» бағдарламасына қатысушылардың жұмыс істеу уақыты 22:00-ге дейін ұзартылады.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Ештеңеге қарамастан міндетті түрде базарлар, сауда орындары, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатр, филармония, бассейн, караоке, компьютерлік клубтар осы 2 апта бойы өз жұмыстарын тоқтататын болады. Тек «Ашық» бағдарламасымен жұмыс істейтіндерге ғана қызметтерін жалғастыруына рұқсат беріледі».

Сондай-ақ, қала тұрғындарына адамдарды жинап, отбасылық жиындар өткізуге рұқсат берілмейді. Айта кетейік, Шымкентте бір апта бойы күн сайын 500-ге жуық адамнан коронавирус анықталуда.