Сайрам ауданында таңғы 7:00-де той жасағандар ұсталды

194

Түркістан облысында эпидахуал өршіп тұрған шақта коронавирус өршуінің алдын алу мақсатында ерекше әдіс қолдануда. Сайрам ауданының мобильдік тобы дронның көмегімен той жасамақ болғандарды анықтауға кіріскен.

Бүгін Қарабұлақ ауылдық округіндегі Мырза баба көшесінің тұрғыны 150 адамды жинап қызын ұзатпақ болған. Бұл заңбұзушылық дронның көмегімен анықталыпты. Әуеден алынған кадрлар таңғы сағат 7-де түсірілген. Той құмарлар қулыққа басып, әшкере болып қалмас үшін тойдың уақытын таңға ауыстырыпты. Алайда ұзату тойына жиналған қонақтар мобильдік топ келген сәтте жаппай тарқады.

Таңшолпан Сәулембай, Сайрам ауданы әкімдігінің мобильді топ жетекшісінің орынбасары: «Таңғы 7-де той ұйымдастыру салты басталған Қарабұлақ ауылдық округінде. Бізге біріншіден анық ақпарат келді. Ақпаратты зерделеу барысында оқиғаға мобильді топ мүшелерімен бардық, тәртіп сақшыларымен бірге. Сөйтіп 150 адамға арналған қыз ұзату үстінен түстік. Заң аясында акті толтырылып, айыппұл салынуда».

Мобильді топ өкілінің айтуынша, ауданда 30 тойхана бар. Жауаптылар соңғы кезде тұрғындардың жасырын жиын өткізіу тенденцияға айналғанын айтады. Ауданда жыл басынан бері 376 карантин талаптарын бұзу фактісі анықталыпты. Оның көбі құдалық пен қыз ұзату мерекелері екен. Оларға жалпы сомасы 23 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Олжас Айдарбек