Бүгінде мүгедектік тобы бар ересектер мен балалар үшін тегін санаторлы-курорттық ем алу қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұл үшін өтінішті екі тәсілмен бере алады. Мүгедектігі бар азаматтар мен балаларға емделу үшін шипажайға онлайн жолдаманы қалай алатынын «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері айтып берді.
Бүгінде бұл қызметті екі тәсілмен рәсімдеуге болады. Онлайн түрде EGov порталы арқылы жолдамаға өтініш беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
— ең алдымен порталға кіріп, іздеу жолы арқылы «Мүгедектерді және мүгедек-балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу» қызметін табу
— қызметке онлайн тапсырыс беріп, керекті мәліметтерді толтыру
— өтінімді ЭЦҚ арқылы немесе смс арқылы келген құпиякод көмегімен қол қою. Қызмет нәтижесін жеке кабинет арқылы тексеріп отыруға болады.
Қызметті смс-паролінің көмегімен алу үшін міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркелу қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімі береді.
Қызметті ХҚО арқылы рәсімдеу үшін өтініш берушінің өзімен бірге жеке куәлігі, мүгедектігін растайтын құжаттар, жеке оңалту бағдарламасы әзірленген іс-шаралар туралы жазба көшірмесі, егер заңды өкілі жүгінген болса, мүгедектігі бар азаматтан сенімхат тапсырылуы қажет.
«Мүгедектігі бар азаматтарға карантин кезінде ХҚО-ға барудың қажеті жоқ, eGov порталы арқылы өтініш беру жеткілікті. Қызмет нәтижесі туралы SMS хабарлама келеді. Сондай-ақ өтініш нәтижесі туралы ақпаратты жұмыспен қамту бөлімінің анықтама бөліміне қоңырау шалу арқылы білуге де болады», — деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Қызмет көрсету уақыты құжат тапсырған күнді есепке алмағанда – 10 жұмыс күні. Мүгедек азаматқа санаторлық-курорттық емдеу медициналық ұйымның шешімімен тағайындалады.
Жыл басынан бері Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтары санаторлық-курорттық емделуге жолдама алуға 6000-нан астам өтініш қабылдаған.