Úı ANONS «Саз тербеген Шымкент»: Ұлттық өнер ұлықталды

«Саз тербеген Шымкент»: Ұлттық өнер ұлықталды

Шымкентте ұлттық өнердің мерейін үстем еткен ерекше мәдени кеш өтті.  Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрында қазақ халық аспаптар оркестрінің «Саз тербеген Шымкент» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ұлттық музыкалық мұраны кеңінен насихаттап, дәстүрлі өнер мен заманауи орындаушылықтың үндестігін көрерменге ұсыну. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

 

Қазақ халық аспаптар оркестрі бүгінде ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытып жүрген беделді шығармашылық ұжымдардың бірі саналады. Оркестр Қазақстандағы ірі мәдени іс-шаралармен қатар, шетел сахналарында да өнер көрсетіп келеді. Жетекші солист Ерлан Жандарбайдың айтуынша, оркестрдің шығармашылық сапарлары Еуропа елдерін де қамтыды. Өнер ұжымы Рим мен Венеция қалаларында, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстанда өткен халықаралық мәдени іс-шараларда қазақтың ұлттық музыкасын насихаттап, көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

 

ЕРЛАН ЖАНДАРБАЙ,ЖЕТЕКШІ СОЛИСТ: «Шымкентіміздің мақтанышы. Оның ішінде жеке орындаушы қарындастарымыз бар. Қобызда, домбырада.  Мемлекеттік іс-шараларда өнер көрсетіп жүрген талантты жастарымыз бар. Барлығына сәттілік тілеймін.  Бұл бір жылдық емес, бес жылдық еңбек. Жан-жақты қамтылған шығармалар. Сондықтан көрермендердің көңіліне шығамыз деп ойлаймын».

 

 

Қазақ халық аспаптар оркестрінің өнерін жоғары бағалайтын көрермендердің қатары көп. Солардың бірі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Абылайхан Оспанов. Өнер иесі оркестрдің орындаушылық шеберлігіне тоқталып, шығармашылық ұжымға ақжарма тілегін жеткізді.

 

АБЫЛАЙХАН ОСПАНОВ,  ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: «Маған ұнайды бұл оркестр. Олардың ойнаған күйлері, дирижері де өте жақсы. Барлығы ұнайды. Жастардан құралған. Оркестрге шығармашылық табыс тілеймін. Олардың шетелге баруына тілектеспін».

 

Айта кету керек, бүгінде оркестр ұлттық музыкалық мұраны заманауи орындаушылықпен ұштастырып, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырған бірегей шығармашылық ұжым ретінде танылып отыр.

Нұргүл Жолымбетова