Түркістан облысында соңғы он күнде 170-ке жуық той тоқтатылды

157

Түркістан облысында эпидахуал күрделі болса да, тығылып той жасайтындар әлі де тыйылмай тұр. Соңғы он күннің өзінде облыста 169 тойды тарқатуға тура келіпті.

Тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралардың 117-сі қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны үй жағдайында өткізілген. Салдарынан өңірде кви аурушаңдығы бойынша тұрақсыз жағдай қалыптасып отыр дейді мамандар.

Бахтыораз Елемесов,Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Облыс бойынша соңғы аптада квимен аурушаңдықтан тұрақсыз эпид жағдай қалыптасты. Зертханалық дәлелденген кви+ аурушаңдық 6,6 пайыз төмендегенімен — 64 жағдайға, пневмониямен аурушаңдық 1,3 есеге артты».

Бүгінде Түркістанда 141 егу пунктінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация салынуда. Ал көшпелі егу бригадалардың саны 80-ді құрайды.

Вакцина қоймасында көлемі 300 литрді құрайтын 2 дана мұздатқыш бар екен. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литрді құрайтын 20 мұздатқыш, 601 литрлік 2 мұздатқыш сатып алыныпты. Сәйкесінше, облыста вакцина қабылдау қарқыны да жоғары деңгейде дейді сала жауаптылары.

Марат Пашимов, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:
«Вакцинация бойынша республикада екінші орында тұрмыз. Бірінші Алматы, екінші біз. 67 пайызға жеттік. Облыс бойынша төмен Қазығұрт 61 пайыз, Сарыағаш 58, Келес 55, Түркістан 50, ең төмен Кентауда 46 пайыз бірінші компонент, 32 пайыз екінші компонент».

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева