Түркістандық шаруалар Нұр-Сұлтанда жәрмеңке өткізеді

168

Түркістан облысының шаруалары 21-22 тамыз күндері Нұр-Сұлтан қаласында жәрмеңке ұйымдастырады. Осы мақсатта бүгін облыстан 500 тонна ауыл шаруашылық дақылдары елордаға жөнелтілді.

Өнімдер тұтынушыларға базар нарқынан 15-20 пайызға төмен баға ұсынылады дейді ауыл шаруашылық басқармасындағылар. Тауарын делдалсыз сататын шаруалар да бұл бағаға дән риза.

Түркістандық Ербол Полатов ауыл шаруашылық өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының халқына ұсынбақ. Мақтаарал ауданының тұрғыны тамыздың 21-22 күндері болатын жәрмеңкеде 17-18 тонна қауынды сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. 19 жылдан бері осы шаруашылықпен айналысып келе жатқан диқаншы мұндай шараға алғаш рет қатысуым дейді.

Ербол Полатов, диқаншы: «Жәрмеңкеге биыл алғаш рет қатысып тұрмын. Құдай қаласа, бәрі жақсы болады. Жақсы шара».

Елордаға облыс шаруаларының 500 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері жол тартты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 тоннаға көп дейді ауыл шаруашылық басқармасындағылар. Жалпы өнім құны шамамен 350 млн. теңгені құрайды деп жоспарланып отыр.

Нұрбол Бекмұратов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Түркістан облысының негізгі даму саласының бірі бұл – ауыл шаруашылық саласы. Республикада өндірілген өнімнің 14%-ы осы біздің облысымызға тиесілі. Осы өндірілген өнімдердің есебінен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жылдығына орай республика ішіндегі облыстардың арасында алғашқы болып Түркістан облысы Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізейін деп отыр».

Облыс бойынша 16 аудан өнімдерін ұсынатын жәрмеңкеге отырарлық диқаншылар да белсене қатысуда. Бүгін бұл өңірдің шаруалары 19 тонна өнім жөнелтті. Нәсібін шаруашылықтан тауып отырғандар өнімдерін ешбір делдалсыз нарыққа шығаруға мүмкіндік алғанына дән риза дейді сала жуаптылары.

Батырбек Сыздықов, Отырар аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы: «Шаруалар, тауар өндірушілер өздері риза. Өйткені ол жақта делдалсыз өздері тікелей сатады. Нарыққа жол ашылады. Бағасы жағынан нарықтағы бағадан 15-20 пайыз төмен болады. Қазір жылқы, қой еті 2 200 теңгеден. Шұбат 500 теңге. Бақша өнімдерінің келісі 70 теңгеден деп отырмыз».

Айта кетейік, 50-ге жуық шаруа Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін базардағы нарықтан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынады.

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева