Шымкентте ер адамды пойыз қағып мерт қылды

214

Шымкент қаласында 34 жасар ер адамды пойыз қағып мерт болды. Қайғылы оқиға 19 қыркүйек күні болған. Куәгерлер құлаққап киген ер адамның темір жолдағы рұқсат етілмеген жермен жүргенін айтады. Айта кетейік, тек биылдың Шымкентте өзінде осындай 9 жағдай тіркелген.

Куәгерлер 34 жастағы азаматтың құлағына құлаққап тағып алып, таңертең рұқсат етілмеген жолмен жүгіргенін айтады. Олардың айтуынша, ер жігіт келе жатқан пойызды кеш байқаған. Өкінішітісі жолдың келесі бетіне өтіп үлгермей қалған екен.

«Мұндай жағдай адамдардың жауапкершілігінің жоқтығынан болып отыр. Жолды кесіп өткенде, құлаққапты шешіп қою керек. Қазіргі жастар оң-солына қарамайды да. Ережені сақтау керек».

Жергілікті тұрғындар, мұндай оқыс оқиға жиі болатынын айтады. Жақында ғана  бойжеткенді пойыз қағып кете жаздаған. Абырой болғанда, аман қалыпты. Желілік  полицияның айтуынша жыл басынан бері 9 адам қайтыс болған. Оның бәрі жолды кесіп өтпекші болғандар.

Нұрлыбек Раисов, Шымкент қалалық ІІБ өкілі: «2021 жылдың 19 қыркүйек күні сағат 9-да «Коммунизм» ауданы аумағында Алматы-Атырау бағытындағы 41-ші пойыз құлаққап киген жас жігітті қағып кеткен. Ер азамат алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды. Оқиғаға байланысты машинистің кінәлілігіне қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр».

Қайғылы жағдайдың жиі  болуына қарамастан, тұрғындар әлі де жол ережесін бұзуды тоқтатар емес. Айта кетейік, заң бойынша, дұрыс емес жерден жолды кесіп өткен жағдайда айыппұл салынады.

Нұрлыбек Раисов, Шымкент қалалық ІІБ өкілі: «Осы жылы темір жолды дұрыс емес жерде кесіп өтуге тырысқаны үшін 548 адамға айыппұл салынған. Жолды тек арнайы жерде ғана өтуге болатындығын есте сақтаған жөн».

Тұрғындар өміріне қауіпті  аймақ  әлі де қоршалмаған. Желілік полицияның жергілікті бөлімі  жауапты мекемеге қауіпті аймақты қоршауға өтінім бергенін жеткізді.

 Гүлдана Дәурен