Түркістан облысының құрылғанына 3 жылдан асты. Рухани астананың тұрғындары қаладағы күнделікті орын алып жатқан өзгерістер көңілдерінен шығатынын айтады.
Шаһарда жергілікті климатқа тез бейімделетін көшеттер мен көпжылдық шөптер, гүлдер, гүлдейтін шөптерді өсіруге мән берілген. Барлық сектор жоғары қарқында жұмыс істеп, қала күн сайын қоқыстан тазартылып, гүлзарлар мен саябақтар жайнап тұр. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы осы іс-шараның бәрін тұрақты түрде тексеріп тұрады.
Әшім Алдабергенов, Түркістан қаласының тұрғыны: «Бұрынғыға қарағанда бұл жерде көптеген өзгеріс боп жатыр. Көгалдандыру, тазалық бір жағы, рахмет. Облыс болғалы талай жақсылықтар болып жатыр, осы жерде туып өскенмін мен. Мына жердің бәрі далатұғын. Сол далаға көркейтіп істеп жатқан үкіметке рахмет».
Қалада қазіргі таңда 32 сектор үш кезеңмен жұмыс жүргізіп жатыр. Ол жерде 1600 га жерге 60 мыңнан астам көшет егілген. Қалада сенбіліктер өткізу, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар дәстүрге айналып отыр.
Дәурен Партаев, Отырар ауданы Талапты ауыл округі әкімі аппаратының қызметкері: «Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасы бойынша, Отырар ауданы әкімдігі жауапты сектордағы Құлыншақ ақын көшесінің тазалық, көріктендіру, көгалдандыру жұмыстарымен айналасып жатырмыз. Керемет өзгерістерді көрдік. Қаланың болашағы жарқын».
Әлихан Файзханов