Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қасымбек Датқа ауылының тұрғындары жағдайымыз мүшкіл деп шағымын айтты. Жарықты көрші ауылдан тартып отырған халық электр энергиясына ауыртпалық түсіп жатыр дейді.
Әрі жарықтың әлсіздігінен техникалардың да күюі жиілеген көрінеді. Сондай-ақ назардан тыс қалдық деген жұрт бұл аумақта ауыз су, табиғи газ бен жолдың да мәселесі шешілмегенін айтады.
«Әкішілкке де бардық, аудан орталығына да бардық, жкх-ға да брадық. Әр барғанда сәл шыдаңыз, міне бір ай қалды деп шығарып салады. Міне осылай айтып келе жатқанына 7-8 жыл болды. Қашанғы шыдай береміз»,-дейді тұрғындар.
Бұл Қасымбек Датқа ауылының жаңақұрылыс аумағының тұрғындары. Жергілікті халық назардан тыс қалдық деп ашынып отыр. Айтуларынша қолайсыз ауа райы кезінде көшеге шығудың өзі мұңға айналған.
Ал ауыз су мен жарықты көрші ауылдан алып отыр. Айтуларынша 8 адамға шақталған электр энергиясын бүгінде шамамен 50 үй пайдаланып отыр екен. Мұның қаншалықты қауіпті екенін білсек те амалымыз жоқ дейді жұрт.
Қадыр Шыназов, тұрғын: «Жақында мынау атылады дейді, сосын сендердің светтеріңді кесеміз дейді. Кабельдерді де өзіміз тартқанбыз. Қысқа қарай үзіледі ол сәл жел тұрса. Оған да қарап жатқан ешкім жоқ».
Айтбек Райымбеков, тұрғын: «Қысымен құлайды. Жазда енді амалдап тұрады. Қыста су болады, құлайды мынау. Балдарымызға да қауіпті. Мына жерден мектепке барады».
Өркениеттен артта қалдық деген тұрғындар әкімшіліктің есігін талай тоздырдық дейді. Алайда жұрттың жанайқайын тыңдаған шенділер болмапты. Тек жақын арада шешімін табады деп қана шығарып салып отырған. Құрғақ уәдеден әбден шаршаған халық бізден көмек сұрады.
Гүлнар Қалтаева, тұрғын: «Қысылып әрбір құлаған кезде жедел жәрдем келе алмай да қалады. Одан кейін есек арбаға салып алады да солқылдатып алып барады. Есек арбаға мінбе дейді қалай мінбейсің?».
Майра Ақылбекова, тұрғын: «Міне бәрі жастар. Таңертең от жағады да кетеді. Үйде балалар қалады. Ертең уланып жатса не болады. Әкімшілкке талай бардық».
Мәселенің мән-жайына қанық болғаннан кейін біз әкімшілікке хабарластық. Сайрам аудандық тұрғын үй комуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі бұл жағдайдан хабардар болып шықты. Келген бойда алдағы дүйсенбі күні жарық жүргізу жұмысы басталады деп сүйіншілетті. Ал қазан айынан бастап су кіргізу қолға алынады деп уәде берді.
Жангелді Абданбеков, Сайрам аудандық тұрғын үй комуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы: «Қазір облыста мемлекеттік сатып алу басқармасында конкурс өтті 30 млн. Теңгеге. Бүгінгі таңда келісім шартқа тұрып жатырмыз. Дүйсенбі күні жұмысын бастайды. Екі айда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бір екі ай бұрын келіп осы жерде мамандарды әкеп зерттеткенбіз. Сол кезде су құбыры бәрі орында екен. Соған 17 млн ға смета істеліп, конкурс өтіп бүгінгі таңда қазанның бірінен жұмыс басталады».
Ал табиғи газ бен жол мәселесі келесі жылы шешімін табуы мүмкін дейді жауаптылар. Ол облыстық бюджеттен қаржы қаралуына байланысты болмақ.
Қайрат Балатаев, Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі: «Биылғы жылы оған қаржы қаралған жоқ. Біз пдф ғана іске асырып алсақ, содан кейін инфрақұрылымға құжаттар дайындалып ақша бөлінеді. Биылғы жылы газ келмейді. Келесі жылы да ақшаның бөлінуіне байланысты. Бірақ келесі жылға болады деп жоспарлап отырмыз».
Биыл ауыз су мен жарық келеді дегенді естіген тұрғындар егер шенеуніктер уәдесінде тұрмаса министрлікке шағымданамыз деп бекініп отыр.
Мөлдір Ибадуллаева