Эмоционалды әлеуметтік желі пайда болды

149

Елімізде әркім өзін қызықтыратын сауалдарына анонимді түрде жауап алатын мүмкіндік пайда болды. Аталған мүмкіндіктерді су жаңа «GetEmotions» әлеуметтік желісі ұсынады.

Бұл әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтар өздерінің алыс-жақын туыстары мен достарына, әріптестеріне сауалдарын жасырын түрде қоя алады. Немесе өзіне қойылған жасырын сұраққа жауап бере алады.

Айтуған Омаров, GetEmotions жобасының негізін қалаушы: «Аталған GetEmotions желісі арқылы адамдар кез – келген тақырып бойынша жасырын түрде сауалын қоя алады. Қоғамда іскерлік қарым-қатынаста туындайтын қиындықтарды ашық айтып, сезім білдіруге қымсынатын жандар бар. Біздің ұлттық болмысымыз бен тәрбиеміз мұндай жағдайларды жарияға салмауды жөн көреді. Сол себептен де біз бұл жобаны жүзеге асырып отырмыз».

Көптеген адамдар достық, туыстық қатынасты сақтап қалу үшін ойындағысын ашық айта алмайды. Бұл әлеуметтік желінің негізгі мақсаты – қолданушыларға ойындағы сұрақты қойып, қозғалған тақырыптар бойынша кеңестер алуға мүмкіндік беру.

Айтуған Омаров, GetEmotions жобасының негізін қалаушы: «Біздің жобада негізгі басымдылық – қолданушылардың құпиялылығына берілген. Желі қолданушысымен жасырын түрде әңгімелесу арқылы сіз өзіңіз туралы көптеген ақпараттарды біле аласыз. Аталған жүйе сіздің телефондағы байланыс номерлерін қолдануға мүмкіндік береді. Сол арқылы сіз жайында жағымды және жағымсыз пікірлерді білуге мүмкіндік туады».

Айтулы жүйенің негізін қалаушы бұл жобаны 3 жыл бұрын жүзеге асырмақ болған. Пандемия кезінде аталған жоба қолға алынған. Жоба үйлестірушісі желінің қолданушылар арасында танымалдылыққа ие болып, жаһандық әлеуметтік желіге айналатынына сенімді.

Айтуған Омаров, GetEmotions жобасының негізін қалаушы: «Екі желі қолданушысы арасында екі-үш анонимді чат болуы мүмкін. Олар бір чатта бір-бірімен сыпайы, мәдениетті сөйлесіп, екінші чатта жанжалдасып отыруы мүмкін. Желі арқылы көптен бері көкейде жүрген сауалдарға жауап ала аласыз».

Жоба анонимді түрде жүргізілгенімен, барлық материалдар желі модераторларының іріктеуінен өтеді. Қазіргі уақытта бұл желі тестілеуден өтіп жатыр.

Айтуған Омаров, GetEmotions жобасының негізін қалаушы: «Аталған желі бағдарламасында «сұрақ-кеңес» айдары енгізілген. Онда қолданушылар өздеріне өзекті тақырыпта сұрақтарын қойып, қолданушылардан кеңес алу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл жүйеде барлығы жасырын түрде жүргізіледі. Сондықтан адамдар қиындықтарымен бөлісіп, қажетіне жарайтын кеңестер ала алады».

Жоба модераторлары сіздің сұрақ-жауабыңызды іріктеуден өткізсе, сіздің жарияланымыңыз желінің оң жақтағы бұрышында көрсетеліп тұрады. GetEmotions-та сіздің сауал-жауабыңыз көрінгенімен, аты-жөніңіз көрсетілмейді. Осылайша құпиялылық сақталады. Сонымен қатар, сізге өзінің орынсыз қылығымен көзге түскен қолданушыныдан хабарлама келмейтіндей етіп, оны бұғаттап тастауға болады.

Диана Біржанова