Түркістандық оқушылар: Офлайн оқу қалай жүріп жатыр?

42

Түркістан қаласында мектептердің жағдайы көңілді көншітпейді. Білім ордасынның асханасында оқушыларға сатуға тыйым салынған заттарды ашық, еркін түрде сатып жатыр. Ал мектеп басшылығы олардың саудасына кедергі келтіруге қауқарсыз көрінеді. Өйткені, білім ошағының дәмханасы жекенің қолына қарайды екен.

Салынғанына 30 жылға жуық уақыт болған Түркістандағы Жұмабек Еділбеков атындағы мектеп Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың түлеп ұшқан ұясы. Қазір мұнда 2000-нан астам оқушы 2 ауысым бойынша дәріс алады.

Сондай-ақ, мұнда балалар ауырып қалған жағдайда оларды оқшаулайтын бөлме бар. Білім және спорт сайысынан аймақтық-аудандық көрсеткіштері ауыз толтырып айтарлықтай болса да, ішкі жағдайы көңілді көншітпейді. Мұнда балалар әжетхана үшін сыртқа барады, ал іштегісінен ақау шыққан, қазір жабық тұр.

Мектеп асханасында санитарлық норма бойынша тыйым салынған заттар ашық түрде сатылып жатыр. Тілшілермен бірге кіріп ескерту жасаған мектеп басшысына кәсіпкер тауарлардың сертификаты бар дегенді айтты.

«Мынаның бәрі сертификат бар нәрсе ғой», дейді кәсіпкер.

Мектеп директоры асхананың саудасына кедергі келтіруге қауқарсыз екендігін айтады. Себебі, олардың кәсібі білім ошағының жауапкершілігіне кірмейтін көрінеді.

Уәлихан Бесімбаев, Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры: «Енді онымен біз бүгінгі таңда акт жасалынып, сол бойынша сол кісіге біз айыппұл сала алмаймыз. Өйткені, ол кісі жеке кәсіпкер. Сондықтан біз ол кісіге өзіміздің тараптан сатылу жағдайына тыйым саламыз».

Ал мынау қаладағы № 15 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп гимназиясы. Түсірілім тобы медбикелерден дене қызу мөлшерін өлшеуін сұрағанда, таңнан бері жүздеген оқушыны тексеруден өткізгенін алға тартып, аппараттың істемей қалғанын айтты, яғни, құрылғының қуаты бітіп қалған екен.

Тілшілердің келгені директорға мүлде ұнамаған секілді. Білім ордаларындағы жағдайдан хабар алуға келген тілшілерді ұнатпаған мектеп директоры Мереке Бөжкенов мұнымен тоқтаған жоқ. Асханада балаларға беріліп жатқан ас мәзірін көрсетуді сұрағанда, тіптен бұлқан-талқан болды.

Тілшілермен жанжалдасқан мектеп директоры сол бойы сабырға келе алмады. Соңында тіптен тапсырыспен келдіңдер деп тілшілерден күдіктене бастады.

Әлихан Файзханов