Балаға берілетін жәрдемақы. Жаңа жылдан бастап кімге, қалай және қанша төленеді?  Бала туғанда, берілетін біржолғы жәрдемақы және бала күтіміне берілетін ай сайынғы және декреттегі аналарға берілетін әлеуметтік төлемдер.

2022 жылы айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты қазақстандық аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері де артады. Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді.

БАЛА ТУҒАНДА БЕРІЛЕТІН БІРЖОЛҒЫ ЖІРДЕМАҚЫ

Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге.

Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыға тоқталсақ.

Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жасқа толық толғанға дейін төленеді.

БАЛА КҮТІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ АЙ САЙЫНҒЫ ЖӘРДЕМАҚЫ

Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 27 261 теңге

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек. Ол былай есептеледі: соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.

Шынар Оразова