ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой азаматтарды ақылы түрде вакциналау үшін Pfizer вакцинасын коммерциялық нарықта сатуды ұсынды. Яғни, енді қазақстандықтар Pfizer екпесін ақылы қабылдауға мүмкіндігі бар. Ақылы антидот кімдерге салынады? Оның құны қанша?
Pfizer вакцинасын ақылы түрде салдыруға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын қолдаған Үкімет басшысы екпені коммерциялық нарықта сату қажеттілігі бар екенін жеткізді. Ақылы антидотты шетелге шығуды жоспарлап жүргендер қабылдай алады. Алайда әзірге қанша тұратыны белгісіз. Жауаптылардың айтуынша, оның құнын бәсекелі орта анықтайды.
Асқар Мамин. ҚР Премьер министрі: «Біз қазір ДДСҰ ұсынысы бойынша вакциналауға жататын адамдар санатын кеңейтіп жатырмыз. 12 мен 17 аралығындағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау басталды. Адамдардың өздерінің тандауы бойынша қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болуы үшін вакцинаны коммерциялық нарық сегментіне жеткізу туралы ұсынысты қолдаймын».
Ал эпидемиологиялық жағдайға келетін болсақ, соңғы екі аптада 54 елдің 36-да ковидпен сырқаттанудың өсуі байқалған. Ал Қазақстанда соңғы екі айда сырқаттанушылық 3,8 есеге, ал өлім-жітім 2,4 есеге төмендеген. Сондай-ақ биыл 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің жүктелу деңгейі 56%-дан 30%-ға дейін, реанимациялық төсектер 45%-дан 27%-ға дейін қысқартылыпты.
Алексей Цой,ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттану деңгейі 23%-ға төмендеді. 222 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 105-орында, ал өлім көрсеткіші бойынша 101-орында. Репродуктивтілік саны – 0,96».
Айта кетейік, бүгінгі таңда қызыл аймақта Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Ал ел бойынша вакцинацияланғандар саны 8 558 198-ге жетті. Сондай-ақ бүгінде Файзер препаратының 1-ші компонентін 1313 бала мен 247 жүкті және бала емізетін әйел қабылдады.
Мөлдір Ибадуллаева