Бүгін таңертең бокстан Белградта өткен Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Махмұд Сабырханды да қолдаушылары әуежайда күтіп алды. Спортшымызды ең әуелі Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жылы лебізбен қарсы алып, оған жаһандық жарыста көрсеткен ерлігі үшін алғысын білдірді.
Белградта өткен Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханды жерлестері бүгін зор қошеметпен қарсы алды. Ақтық мәреге дейін айқын басымдылықпен жеткен ол финалда босаңсып қалғанын айтады. Сол сәтте ұнжырғасы түскен Махмұдтың туған елге оралғанда жанкүйерлерінің қолдауы еңсесін көтерген.
Махмұд Сабырхан, Бокстан Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері: «Әлем Чемпионатында 4 кездесуімді өте тамаша өткіздім деуге болады. Енді финалдық кездесуде кішкене өзімнің қателігімнен кішкене асығып күміс бұйырды. Жапондық боксшыға есе жіберіп қойдым. Ол жапондық боксшымен әлі талай кездесеміз. Ендігі алдағы жоспарларымыз тоқтамай жаттығу жасап, Азия ойындары бар. Тоқтамаймыз».
10 жасынан бері былғары қолғаппен достасқан Махмұдтың осы кезге дейін ел біріншілігінде жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ, төрткүл дүниенің кіл мықтыларының басын біріктірген бұл додадағы жүлденің орны бөлек. Спортшының әкесі ұлының әлі алда биіктерден көрінетінін айтады.
Айдархан Асилов, Махмұд Сабырханның әкесі: «Енді баламыздың әңгімесін де көрдік, сөйлестік. Құдайға шүкір, жаман емес күміс жүлдесі. Құдай қаласа, әлі алда шығар жақсылықтары. Қазақ еліне рақмет».
Жерлесіміз Махмұд Сабырхан Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубының спортшысы. Әлем біріншілігінде 54 келі салмақта ел намысын қорғаған ол алғашқы 4 кездесуінде де қарсыластарын 5-0 есебімен жеңіп шыққан еді. Тек ақтық сында жапон боксшысына есе жіберіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Әлихан Файзханов