Қаратау ауданына қарасты «Асар-2» шағынауданы толықтай ауыз сумен қамтылды. Бұған дейін инфрақұрылым мәселесі шешілмей келген тұрғындарын, тіршілік нәрін енді тасып ішпейтіні қуантып отыр.
2017 жылы «Асар-2» шағынауданына көшіп келген Бекзат Жаманқұлов осы уақытқа дейін ауыз судан қиындық көріп келгенін айтады. Арнайы су таситын көлік жеткізетін су бір аптаға жетпей, дүкеннен сатып алып әбігерге түсетін едік дейді.
Бекзат Жаманқұлов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Су мәселесі сәл қиындау болған. Суды құйдырып, аптасына 2 рет құйып береді ал жоқ уақытында сатып алып іштік. Осы уақытқа дейін қиналып жүрдік, бүгін қосып берді».
Ал жасы 70-тен асқан Мұхамедәлі Баубеков осында 8 жылға жуық тұрады екен. Ақсақал таза ауыз су тұрмақ инфрақұрылым жүйесінен жұрдай болған шағынауданның жағдайы әлдеқайда жақсарып қалғанын айтып ағынан жарылды.
Мұхамедәлі Баубеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Келгенде өте ауыр жағдай болған, асфальт жоқ, басқа жоқ, автобус деген нәрселер жоқ, жүйелер болмаған. Қазір Аллаға мың да бір шүкір. Су келіп, бағана алғысымызды айтып, батамызды бердік.
Бұған дейін осындай құтыларда аптасына 2 рет ауыз су жинап келген тұрғындар енді таршылық көрмейді. Асар-2 тұрғындарының енді өз үйлерінен таза ауыз су ағады.
Су жүйелерінің ұзындығы 160-қа жуық шақырымды құрайды. Шағынауданды таза ауыз су жүйесімен толық қамту үшін қазынадан 1,5 млрд. теңге қаражат бөлінген екен. Жауаптылардың сөзінше қазір шағынауданда су қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Дәурен Болғанов, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының ауыз су және кәріз жүйесімен қамту бөлімінің басшысы: «Қазіргі таңда «Асар-2″ шағынауданына ауыз жүйесі толығымен тартылды. Бұл жұмыстарға 2020 жылы бюджеттен қаржы қаралған болатын. Қазір толық ауыз жүйесі барлық көшелерге тартылды. Енді су қосу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда бізде 7 елдімекен тасымалды су, 5 елдімекен кестемен ішіп отырған. 7 елдімекенді жылдың соңында толығымен бітіреміз, 100 пайызға кестемен беретін 5 елдімекеннің 2 бітіреміз».
Шымкент қаласының мәслихат хатшысы ауыз сумен қамту мәселесі бойынша қойылған жоспардың 70 пайызға жуығы орындалып қойғанын айтады.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласының мәслихат хатшысы: «Ауыз су мәселесі өте күрделі мәселелердің бірі болып отты. Соны қолға алдық. «Асар-2″ елдімекенінде 2800-ге жуық абонент суға қосылып отыр. Бұл көптен халықтың күтіп жүрген мәселесі еді. Жалпы биылдың өзінде 5 жылға жоспарлаған жұмысымыздың 70 пайызын ауыз су бойынша біз орындап қойдық деп толыққанды айта аламын».
Қазіргі таңда мердігер мекеме мен тұрғындар арасында құжаттарды заңдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жауаптылар шағынауданды 1 апта көлемінде электр қуатымен де қамтамасыз етілетінін жеткізді. Сондай-ақ, көшелерге кәріз жүйесі де тартылып жатқан көрінеді. Мамандар барлық атқарылып жатқан жұмыстар жыл аяғына дейін бітеді деп отыр.