Үстел теннисінен болашақ чемпиондар дайындалып жатыр

49

Шымкентте үстел теннисіне арналған спорт зал ашылды. Әлемдік стандартқа сай жабдықталған зал арнайы үстелдер, доп және балалар ракеткаларымен қамтамасыз етілген. Бұл спорт алаңшасының ашылуына қалалық үстел теннисі федерациясы қолдау білдірген.

Шымкентте жарты жыл бұрын «Сигма» спорт залы ашылды. Бүгінде мұнда 20 бала үстел теннисімен айналысады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Жылы әрі жарық залда теннис үстелдері, ракеткалар мен доптар бар. Ал балаларды нағыз кәсіби мамандар дайындайды.

Сарвар Ирисалиев, үстел теннисінің жаттықтырушысы: «Біздің зал кәсіби стандартпен жабдықталған, бізде 7 доник үстелі бар. Бұл әлемдік компания, біз оны Азия әлем чемпионатында қолдандық, сондай-ақ бізде кәсіби ракеткалар бар, ал алдағы уақытта доп алғымыз келеді».

Мұнда жаттығып жүргендер арасында алғашқы нәтиже көрсеткен спортшылар да бар. Солардың бірі Сауран Сәтмахан Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында 3-орынға ие болды. 9 жастағы бала алдағы уақытта әлем чемпионы атануды армандайды екен.

Сауран Сатмахан, спортшы: «Үстел теннисімен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Ойнау өте қызық, маған ұнайды. Көптеген жарыстарға қатыстым. Енді тек бірінші орын алу үшін талмай еңбек етемін».

Спорт залға қолдау білдірген қалалық үстел теннисі федерациясының президенті Асқар Тұрысбеков спорттық құрал-жабдықтар сатып алып, тәжірибесі мол кәсіби жаттықтырушылар құрамын таңдап алған. Ал бүгінгі таңда жасөспірім спортшылар командасы жинақталып жатыр. Алдағы уақытта олар республикалық және халықаралық жарыстарда үшінші мегаполистің намысын қорғайды.

Сафия Ержанова, спортшы: «Мен бүгін әпкеммен ойнаймын, онымен бірге ойнауды үйрендік. Оңнан солға қарай ойнағанды ​​ұнатамын».

Спортзалға 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Сондай-ақ үстел теннисі бөліміне телефон арқылы тіркелуге мүмкіндік бар. С. Қожанов көшесі 1/17 8 (778) 503 30 22 Сарвар sigma.table.tennis.shymkent

Мөлдір Ибадуллаева