Auzhan KTL лицейіне «Ордабасы» футбол клубының ойыншылары арнайы барып, оқушылармен кездесті. Танымдық әрі шабыт сыйлаған бұл кездесу жасөспірімдер үшін ерекше әсер қалдырды. Олар спортшыларды ізгі ілтипатпен қарсы алып, пікір алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесу жастарға рух сыйлап, спортқа деген қызығушылығын арттырады екен.
«Ордабасы» футбол клубының ойыншылары мен клуб өкілдері мектеп аумағын аралап, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Оқу кабинеттерін көріп, білім беру үдерісіне қызығушылық танытты. Мұғалімдермен пікір алмасып, мектептің жетістіктері мен мүмкіндіктері жайлы мағлұмат алды. Мұнан соң, кездесудің негізгі бөлігі акт залында жалғасты.
Мұнда футболшылар оқушылармен еркін форматта сұхбат құрып, өздерінің спорттағы жолы, жетістіктері мен кездескен қиындықтары туралы әңгімеледі. Оқушылар да белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қызықты жауаптар алды.
Кездесу барысында кәсіби спортшы болудың қыр-сыры, тәртіп пен еңбек туралы айтылған ойлар жас буынға үлкен мотивация берді. Әсіресе, Жантөре Абай үшін бұл кездесудің маңызы зор. Өйткені, жастайынан спортқа жаны құмар бала, алдағы уақытта шетелге барып, футболдан бағын сынамақ.
ЖАНТӨРЕ АБАЙ, ОҚУШЫ: «Мен кішкентай кезімнен футбол ойнағанды жақсы көретінмін. Мен досымның арқасында футболға қызықтым. Осы футболға әкем алып келді. Мен алдағы уақытта Испанияға отборға бара жатырмын. Сол жерден өту мақсатым болып тұр. Ал қазір мен Аужан КТЛ мектебінің командасында ойнаймын. Менің позициям шабуылшы».
Мектеп басшысының айтуынша, мұндай кездесулер жастарды спортқа баулып қана қоймай, олардың арман-мақсаттарына сеніммен қарауына жол ашады. Сондай-ақ, болашақ жұлдыздарды ынталандыруға жағдай жасайды дейді.
ӘЛІБЕК АЛАТАЕВ, “Auzhan KTL” ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Біздің мектеп жобаларға өте белсенді. Сол жобалардың бірі даналық бейсенбі. Осы жоба аясында балаларымызға, әсіресе спорт сүйетін оқушыларымызға мотивация болсын деп, осы кәсіби ойыншыларды шақырдық. Кездесуіміз шабытқа, құндылыққа, тәрбиеге толы кездесу болды».
Шара соңында спортшылар мектептің спорт залына барып, оқушыларға қолтаңба таратып, естелік суреттерге түсті. Ашық әрі жылы жүздесу достық атмосферада өтіп, барша қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Auzhan KTL мектеп лицейі 1200 орынға арналған. Мұнда 660 бала білім алып жатыр. Білім ұясында 20 дан астам үйірмелер жұмыс істеп, оқушыларға 6 тілді меңгеруге жағдай жасалған.
Нұргүл Жолымбетова






