2026 жылғы 16 наурыз күні сағат 15:00-де Шымкент қалалық қуыршақ театрында Наурыз мерекесінің онкүндігі аясында өтетін «Мәдениет және салт-дәстүр күніне» орай танымдық әрі тағылымы мол кездесу ұйымдастырылады.
Аталған шараға «Мәдениет саласының үздігі», М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Мәдениет және өнер факультетінің аға оқытушысы Жұмабай Ләйлә Жұмабекқызы арнайы шақырылып, «Мәдениет және салт-дәстүр» тақырыбында театр ұжымымен кездесу өткізеді.
Кездесу барысында ұлттық құндылықтарымыздың маңызы, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық киімдерінің ерекшеліктері, сондай-ақ олардың театр өнерімен және сахналық мәдениетпен байланысы туралы мазмұнды әңгіме өрбиді. Ұлттық дәстүрлердің сахнадағы көрінісі, көркемдік мәні мен тәрбиелік маңызы жөнінде де ой-пікірлер ортаға салынады.
Сонымен қатар, Ләйлә Жұмабекқызы театрдың шығармашылық құрамына арналған «Сахна тілі» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, актерлік шеберлік, сөз мәдениеті, сахнада дұрыс сөйлеу мен көрерменге ойды әсерлі жеткізу тәсілдері жөнінде тәжірибесімен бөліседі.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттау, театр өнеріндегі ұлттық құндылықтардың маңызын айқындау, сондай-ақ шығармашылық ұжымның кәсіби біліктілігін арттыру арқылы сахналық мәдениетті дамыту.
Бұл кездесу театр ұжымы үшін тәжірибе алмасуға, ұлттық мұраны дәріптеуге және өнер арқылы рухани құндылықтарды кеңінен танытуға бағытталған маңызды мәдени шара болмақ.
📍 Өтетін орны: Шымкент қалалық қуыршақ театры
Мекенжайы: Шымкент қ., Қазыбек би 34, «Кең баба» саябағы.
📞 Байланыс телефоны: 92-16-44, 📱 8 707 802 77 80
📧 E-mail: shymkent.kuyrshak@mail.ru
🔵 Facebook: [Shymkent Kuyrshak]
📸 Instagram: @shymkent.kuyrshak
«Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мерекесі» баршаңызға құт-береке, мен молшылық әкелсін! 🌷







