Тәуліктік пәтердегі қылмыстар…

340

Үшінші мегаполисте соңғы екі аптада екі рет қайталанған қайғылы жағдайдан кейін полицейлер тәуліктік пәтерлерге тексерісті күшейтті. Еске салайық, 25 және 30 қарашада қаладағы жалдамалы пәтерлерден екі бойжеткеннің мәйіті табылған болатын.

Шымкентте кейінгі екі аптада жалдамалы пәтерлерден екі азаматшаның өлі денесі табылды. Алғашқысы 22 жастағы бойжеткен. Қан-жоса боп жатқан оны бірінші болып сол үйдің иесі көрген. Қазір бұл іс бойынша күдікті ретінде 31 жастағы азаматша ұсталды. Ал, 1998 жылы туған екінші қыздың денесі 30 қарашада анықталды.

Ералы Жұмахамбетов, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Есік құлттаулы болған. Ішінде адам мәйіті табылды. Терезенің барлығы жабық болған. Қайғылы жағдай орын алды ол жерде… Тәуліктік пәтерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Бастапқы кезде 250 дей адам алып келіп тексеріп жібергенбіз».

Ералы Жұмаханбетов осыдан кейін Шымкентте тәуліктік пәтерлерде тексерістің күшейгенін айтады. Алайда, қала тұрғындардың пікірі басқа. Мысалы, жалдамалы пәтерлерімен танымал Республика даңғылындағы көпқабатты үй тұрғыны Светлана Найденова мұндай үйлердің күннен күнге көбейіп бара жатқанын айтады.

Светлана Найденова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Тәулікке берілетін пәтерлер бәле болды. Түнімен ұрыс-керіс, неше түрлі дауыстар шығып, берекемізді кетіреді. Қанша рет 102-ні шақырдық. Одан дым пайда жоқ. Келіп, сол пәтер иелерімен сыртта сөйлеседі де, кетеді. Ал, учаскелік полицейлердің бізбен тіпті жұмысы жоқ. Былықтың бәрі осы жерде ғой. Наркотик те, адам өлімі де осында болып жатыр».

Қала бойынша жалдамалы пәтерлердің нақты санын салық мамандары айта алмады. Жалпы тәуліктік пәтерлерде әйелдердің өлі күйде табылуы Шымкентте алғаш рет емес. Осы жылдың 25 ақпанында да қала аумағындағы пәтерлердің бірінен 35-40 жастағы әйелдің денесі табылған болатын.

                                                                                      Мөлдір Ибадуллаева