Азық-түлік бағасы шын мәнінде тұрақталды ма?

171

Шымкентте азық-түлік бағасы тұрақты. Осылай деген сала жауаптылары тауар қорының жеткілікті екенін айтады. Ал тұрғындар, керісінше бағаның өскенін алға тартып отыр. Баға шын мәнінде тұрақталды ма?

«Биыл көкөністің бағасы арзан». Осылай деген Нағима Қуандықова сатуға шығаратын азық-түлік қорының жеткілікті екенін айтты. 20 жылдан бері саудамен айналысып жүрген ол, төтенше жағдай кезінде бағада өзгеріс болған жоқ дейді.

Нағима Қуандықова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қатты әсері болды деп айта алмаймын, әкелген заттары мол болған шығар енді складта, әкелініп жатты. Қатты сапалы демесек те болды, картоп үзілген жоқ. Биылдыққа түсіп тұр баға, 1-2 аптанң көлемі болып тұр, баға түсіп тұр. Майдалау картоптар 135-140, ірі жақсылары ең жоғарғысы 170-190-ға дейін».

Бүгінгі таңда Шымкент бойынша орта есеппен сәбіздің бағасы – 150 теңге, пияз 50-60 теңгеден болса, картоп – 180 теңге. Осы орайда, жауапты мамандар тауарды бекіткен бағамен нарыққа жіберетінін, бүгінге дейін баға өсімінің тіркелмегенін айтады.

Асқар Қаныбеков, Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «24-75-41, 24-74-78 телефондарымыз бар, соған түсен жағдайда, 4 ауданда комиссия бар, сол барып анықтап, шара қабылдаймыз. Шекті бағадан өтсе,кіші кәсіпкерлерге 10 МРП, орта кәсіпкерлерге 75 МРП, үлкен кәсіпкерлерге 300 МРП-ге дейін айыппұл сала аламыз. Біз бірінші ескерту береміз, екінші рет тіркелсе айыппұл саламыз. Өткен жылы 2 кәсіпкерге ескерту бердік. Сосын осы жылы 10 кәсіпкерді тексеруді жоспарға қойдық, соларды тексереміз».

Шымкентте бағаны тұрақтандыру бойынша 19 тауар әлеуметтік маңызы бар деп бекітілген. Ал аталған тауардың 12 түрін сататын тек 1 ғана әлеуметтік дүкен бар. Жалпы қала бойынша әлеуметтік дүкендер саны үшеу, жауаптылар олардың санын биыл 30-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз дейді.

Сержан Сихымбекұлы, Шымкент қаласы монополияға қарсы департамент басшысы: «Шымкент қаласы бойынша азық-түлік тауарларға қатысты күнделікті мониторинг жүргіземіз ірі желілердің ішінде. Жедел желі жұмыс істейді, халықтың өтініштерін қабылдап, бағалары қымбаттаса тиісті іс шара қолданамыз. Нақты шағым түскен жоқ, бірақ мониторинг жүргізіп жатырмыз».

Дегенмен, тұрғындар бұл пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, аталған дүкендерде баға керісінше қымбаттаған. Тіпті, 2 литр сүтті шамамен 1000 теңгеге алып жатқан көрінеді.

Сондай-ақ, қала бойынша жанар-жағармай мен көгілдір отын бағасы да тұрақты дейді сала жауаптылары. Қазіргі таңда бензин бағасы 182 теңге болса, ал газ 60 теңгені ұстап тұр.

Бағлан Адыр, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы: «Мұнай өнімдеріне шекті баға бекітілді. Оған жанармай, бензин, мазут кіреді. Қазіргі таңда бізге бұзу бойынша ақпарат келген жоқ».

Ернар Қоспаев, Шымкент қалалық кәсіпкерлікті дамыту және қорғау депртаментінің маманы: «Аумақтық департаментпен тексеру жұмстары басталды. Қалада тіркелген 5 нарықтық субъектілерге тексеру жұмыстары басталды. Бұл тексеру прокуратура және салық органдарымен бірге жүреді. Негізсіз көтерілу фактісі сол тексеру нәтижесінде анықталуы мүмкін».

Жауаптылар арыз-шағым жоқ, баға тұрақты дегенмен, наразылығын білдіріп жатқандар аз емес. Дегенмен мамандар, мәселені бақылауда ұстаймыз деп отыр.

Гүлдана Дәурен