Шымкентте әлеуметтік азық-түлік бағасы бақылауда

34

Шымкент қалалық ауыл шаруашылық басқармасы әлеуметтік азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында бақылау жүргізді. Қазір мегаполисте 19 түрлі азық-түлік өнімдері нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзан сатылып жатыр. Жауаптылардың сөзінше, қор жеткілікті әрі ешқандай шектеу жоқ.

Шымкентте әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты. Қалалық ауыл шаруашылық басқармасы үкімет тарапынан бекітілген 19 түрлі тауардың бағасын үнемі бақылауда ұстаймыз дейді. Қазіргі таңда мегаполистегі 100 сауда орнында өнімдер нарықтағы бағадан арзан саудаланады. Мәселен, базарда 55-60 теңгеден сатылып жатқан жұмыртқа, әлеуметтік нүктелерде 37 теңге.

Жандос Ханиев, Шымкент қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
«Аталған азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорының айналым бағыты аясында бірқатар кәсіпкерлік субьектілермен, жергілікті тауар өндірушілермен сонымен қатар, сауда желілерімен келісімшарт түзілген болатын. Келісімшарт аясында әр тоқсанға бағалар бектіліп, жалпы әлеуметтік азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып жатыр».

Айта кетейік, бағасы бақылауда болатын әлеуметтік азық-түлік ішінде халыққа ең қажет өнімдер бар. Мысалы, нан, ұн, шекер, макарон, көкөністер және сүт өнімдері нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен сатылады.

Сонымен қатар, ет өнімдері де мемлекет тарапынан бақылауға алынып, әлеуметтік тауар ретінде саудаланып жатыр. Қаладағы арнайы дүкендерде сиырдың кеуде еті 2300 деп бекітілген. Бұл базар бағасынан әлдеқайда төмен деген әлеуметтік дүкен иесі күніне 100 келіге жуық ет сатылады дейді.

Дәмірбек Әбіш, әлеуметтік дүкен иесі: «Базарға қарағанда бізде арзан. Мәселен базарда біздің ет 2500-2600 теңгеден сатылып жатыр. Ал бізде әкімшіліктің берілген бағасы – 2300. Етті өзіміз қожалықта мал соямыз, сол жерден әкелеміз».

Бұдан бөлек, басқарма мен құзырлы мекемелер бірлесіп арнайы жұмысшы топ құрған. Олардың негізге мақсаты азық-түлік сауда нысандарында 15 пайыздық шекті сауда үстемесін бақылау, делдалдық қызметті шектеу және ірі дистрибютерлік желілерге хронометражды зерттеулер жүргізу.

Жауаптылар егер азық-түлік бағасына қатысты сауалдар туындаса қала тұрғындары 24-75-41 нөмірне қоңырау шалуына болады дейді. Айтуларынша, қазір Шымкенттегі әлеуметтік тауар қоры жеткілікті, ешқандай шектеу жоқ.