Úı ANONS Биыл да су тапшылығы болады

Биыл да су тапшылығы болады

Бүгін үкімет отырысында биылғы көктемгі дала жұмыстарына қатысты мәселелер талқыланды. Жеңілдетілген несие беру, дизель отынын бөлуден бөлек, су тапшылығының жайы да айтылды.

Тоқтоғұл су қоймасы жинақтау режиміне көшіріледі. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарына «Достық» каналы арқылы су жеткізуге кері әсерін тигізуі мүмкін.

Бүгінгі Үкімет отырысында, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов осылай деді. Яғни, былтыр шаруаларды шырғалаңға салған су тапшылығы биыл да қайталану мүмкін. Ал мәселенің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

Көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары пысықталған Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, мәселе аясында баяндама жасады. Биыл Қазақстанда бас-аяғы 23,8 миллион гектар жерге егін егіледі. Бидай егу алаңы азаяды. Керісінше жүгері алқабы көбейеді. Сонымен бірге күріш пен мақта сияқты суды қажет ететін егін көлемі кемейеді.

Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 700 миллиард теңге жеңілдетілген несие беріледі. Мысалы, бүгінге дейін екі мыңға жуық шаруа 200 миллиард теңге несиені алып үлгерген. Бұл оларға дер кезінде егін егуге қажетті заттарын сатып алуға мүмкіндік берген.  Егіс науқанын уақытылы бастау үшін 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, бұл диқандарға ақпан айының басынан маусым айының соңына дейін таратылады.

Сонымен бірге үкіметте егінді сумен қамту жайы да сөз болды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов оңтүстік аймақтарда егін науқаны кезінде биыл да су тапшылығы болуы мүмкін екенін ашып айтты. Мысалы, Сырдария және Талас өзендерінде су мөлшері нормадан төмен. Судың аздығына өткен жылғы құрғақшылық әсер еткен.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ: «2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде тәуекелдермен өтуі мүмкін. Атап айтқанда, Тоқтоғұл су қоймасының көлемі 7610 млн текше метр құрайды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 1,5 миллиард текше метрге төмен. Энергия тапшылығы жағдайында су қоймасы күшейтілген режимде ағып жатыр. Осыған байланысты вегетация басында Тоқтоғұл су қоймасы жинақтау режиміне көшіріледі, тиісінше бұл Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының қажеттіліктері үшін мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы су жеткізуге кері әсерін тигізуі мүмкін».

Сол үшін жергілікті әкімдіктер су алу лимиттерін қатаң сақтауы, әсіресе орың ішінде күріш алқабын белгіленген лимиттерден асырмау керек деді министр.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында күріш егуге тек Шардара ауданына рұқсат етілген. Әкімдік мұны су тапшылығымен байланыстырған.

Лаура Бабас