Úı ANONS «Жауын жауған сайын жертөле суға толады»

«Жауын жауған сайын жертөле суға толады»

Тұран ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен тағы шу шықты. Бұл жолы №34 «г» үй тұрғындары шағымданды. Айтуларынша, жертөлесіне су толған. Лифт істен шыққан. Тұрғындар бұған қашанғы шыдаймыз, мәселемізді шешіп берсін  дейді шырылдап.

«Сырттан сарылдап кіріп жатыр. Подвалда су толып қалған».

Бұл Тұран ықшам ауданындағы №34 «г» үйдің жертөлесі. Толассыз жауған жауын суы жертөлеге кіріп кеткен. Су тізеден асып, жеделсатыға жеткенде тұрғындар шырылдап, дабыл қаққан.

«Жүк жартылай суға кіріп кеткен. Лық толы. Лифтті өшіріп тастадық».

Тұрғындардың сөзінше, түнделетіп жертөледен су шығарылған. Уақытша су тоқтатылған. Бұл бірінші жағдай емес дейді олар ашуланып.  Жауын-шашында, қар ерігенде жертөледен су кетпейді. Оған қоса аптасына жеделсаты екі рет бұзылатын көрінеді. Жылу берілгені болмаса,  пәтерлер жылымайды.

ӘЗІЛХАН БЕКТҰРҒАНОВ, ТҰРҒЫН: «Міне су мына араға дейін келген. Шығып, лифтіге дейін барған. Жылда – осы. Мысалы, жаңбыр алда ғой. Жаңбыр жауады бұл суға толады».

БАЯН ИМАТОВА, ТҰРҒЫН: «Мына үйді сапасын құрыған. Шебер қашып кеткен дейді. Қайда қашып кетеді ол? Барлық мәліметі тұрады. Шақырсын! Мәселе қозғалсын. Осыншама 48 үй 15-20 жылға алды ғой. Шырылдап тұр. Әрбірі үйіне жылу пешін қойған. Өтірік емес.  Екі көрпені жамылып, басымды кірпі ұқсап ұйықтап, басым суықтап қалды тамағым да біртүрлі болып. Үйдің іші суық. Айналарды қойып тастаған. Жылу болмайды. Қашанғы біз ауаға төлейміз ай сайын 10-12 мың теңгеден келеді».

9 қабатты тұрғын үйде 48 пәтер бар. Онда қарттар, мүгедектігі бар азаматтар да өмір сүреді. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен әртүрлі мерзімге ипотекаға алған.  Пайдалануға берілгеніне небәрі 3 жыдан асқан үйдің мәселесі шаш-етектен.

АЙДА НҰРЖАНҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН: «Көктем әлі келмеді, енді келеді. Үй су бола берсе, бола берсе қашан кебеді? Одан кейін үй отырады ғой. Тек су пайда болғанда емес, лифт істемейді бізде. Аптасына 2-3 рет міндетті түрде бұзылады…. талап етеміз тұрғындар болып».

Қалалық құрылыс басқармасы тұрғындардың шағымымен таныс. Басқарма жауын суы жертөлеге сырттан кіргенін растайды. Өйткені үй төменде орналасқан. Алайда анықталған ақауды күн жылынғанда ғана жөндеп бере аламыз дейді.

МАҚСАТ МЕЙМАНӘЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Жертөлесіне сырттан магистральды инжинерлік желінің айналасынан су өткен. Су латок ішіне жиналған, сол арқылы өткен. Оның барлығы қазір ретке келтірілді. Ол үшін біздің атқаратын іс-шаралар дайын. Күн жылығанда мына жерге орнатып, дренажерлік жүйе деп аталады. Сондай іс-шараларды жоспарлаудамыз».

Мақсат Мейманәлиев бұдан үйге келетін қауіп-қатер жоқ деп сендіреді. Тұрғын үйдің құрылысын қалалық құрылыс басқармасы толық бақылап, қабылдаған. Ал тұрғын үй басқармасы үй кезегінде тұрғандарға бағдарлама негізінде банк арқылы аз пайызбен ипотекаға берген.

Дилара Иса