Сұлубұлақ ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Айтуларынша, су құбырдан келгенімен, оның сапасы сын көтермейді. Сарғайып кеткен кермек судан әсіресе балалар ауру тауып отыр. Ал әкімдік бұл мәселеден тіпті хабарсыз қалған.
Жетісай ауданындағы Сұлубұлақ ауылының мыңнан аса тұрғыны 20 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр. Олар сарғайып кеткен сапасыз суды ішуден басқа амалымыз жоқ дейді. Айтуларынша, ауылға ауыз судың құбыры тартылған. Бірақ одан келген су кермек татып, лайланып кетеді. Ауылда ауру да көбейген. Әсіресе балалар ауруханаға жиі түсе бастады дейді олар.
ДАНА ӘУЕЛБЕКОВА, СҰЛУБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Менің 3 немерем сары ауру болды. Біреуі ауыр өтті. 14 күн алып жаттым. Одан кейінгі баламды 10 күн алып жаттым. Осы Сұлубұлақ пен Сырабаттың адамдары бір палатада, 8-9 адамнан жаттық».
РОЗА САЙДАЕВА, СҰЛУБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Сары ауру болды. А түрі болды. Өте қиын жағдайда болдым… Шырылдап ары жүгіріп бері жүгіріп әрең дегенде аяққа тұрғыздық».
Тұрғындардың сөзінше, әсіресе, балалар, оның ішінде оқушылар сары ауруға шалдығып жатыр. Мұның бәрі сапасыз судың салдары дейді олар. Ауыз суға сараптама жасалған. Мамандар бұл судың ішуге жарамайтынын көрсеткен. Әйтсе де амалсыз отырған тұрғындар суды өз беттерінше тазартып ішіп жатыр.
НИЯТ ИСАЕВ, СҰЛУБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Өзімізше әрекет жасап, үйімізге фильтр қойғанбыз. Сол суымыз бір ай, бір жарым айдың ішінде бәрі тұз болып қатып қалады. Ауыстыруға тура келеді. Төрт фильтр бар. Ауыстырғанда он мың болады. Ақырында оған ақшам жетпей, суды Ильичтен тасып ішіп жатырмыз».
«Жетісай су» мекемесінің басшысы Алдияр Әсілов бұл қалыпты жағдай дейді. Десе де судың сапасын қайта тексереміз деп отыр.
АЛДИЯР ӘСІЛОВ, ЖЕТІСАЙ СУ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: «Ондай болып тұрады. Жерасты суы болғаннан кейін біз бәрін сорғымен тартып бергеннен кейін арасында ондай-ондай болып тұрады. Соны тазалап беріп тұрамыз. Сұлубұлақ бойынша сынамасын аламыз. Сынамасына қарап, ащы кермектігі бар десе, биылға скважина қазіға ЖКХ-ға құжат дайындаймыз».
Ал тұрғындардың шағымымен аудан әкімдігі таныс болғанымен шын мәнінде судың жайын білмейтін болып шықты. Судың жайын көзбен көрген шенеунік қараша халықтың арызын қайта қарауға уәде етті.
НҰРКЕН ӘЛМЕШ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Алдыңғы жылы да шағым бізге осы ауылдан түскен. Бұл жерде біз жолын ауыстырдық. Енді қазір бүгін естідік қой мынадай болып жатқанын. Қазір анықтаймыз, қалай, не болып жатқанын».
Ресми мәлімет бойынша, СЭС мамандары суды тексерген. Ішуге жарамды деп қорытынды берген. Мұны естіген ауыл тұрғындары мәселенің шешілетініне күмәнданады. Бұған облыс әкімдігінің араласуын сұрайды.
Айта кетейік, Түркістан облысында Сырабат, Өркенді және Алпамыс ауылының тұрғындары да ауыз судың сапасына шағымданады. Онда да су бар десе де, ішуге келмейді.
Дилара Иса







