Úı ANONS «Өте жақсы адамдар еді»: 3 адамның мәйіті табылды

«Өте жақсы адамдар еді»: 3 адамның мәйіті табылды

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінен 3 адамның денесі табылды. Олардың бірі – бала. Алдын ала болжам бойынша олар табиғи газдан уланған болуы мүмкін.

Шымкентте қайғылы оқиға тіркелді. «Күншығыс» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерінен 3 адамның мәйіті табылды. Оқиға 8 ақпан күні күндіз болған. 3 қабаттағы пәтерден су аққан. Көршілері пәтер есігін қаққан, ондағы тұрғындарға хабарласқан. Еш жауап болмаған соң төтеншеліктерге хабарласқан. Мамандар есікті бұзып кіруге мәжбүр болған.

ҚАТИРА АЙДАРОВА, КӨРШІСІ: «Ашса залда мамасы жатқан күйде, қызы отырған жерде қатып қалған дейді. Кішкентай баласы суда шомылып жатқан жерде өліп кеткен дейді. Үшеуі үш жерде өліп жатыр дейді. Мен көрген жоқпын. Көршілер айтып жатыр. Жаман болды, өте қиын болды. Бәрі подъездің өзінде үрей, қорқыныш дей ме солай болды ғой. Жақпы апа еді. Жаңа жылда ғана үйге қонаққа шақырып едім. Сол кезде жаңа үй аламыз, көшеміз, сендерді қонаққа шақырамын деп әңгіме айтқан еді. Амал жоқ қой».

2 бөлмелі пәтерде 4 адам өмір сүрген. Бірі жұмыста болған. Көрші-қолаң мен мамандар пәтерден үш адамның денесін тапқан. Анасы мен әжесі қонақ бөлмеде, ал 16 жастағы баланың мәйіті жуынатын бөлмеден шыққан. Олардың денесін полицейлер мәйітханаға алып кеткен. Дәл қазір пәтер есігіне мөр басылған. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалған. Алдын ала болжам бойынша, тұрғындар табиғи газден уланған болуы мүмкін.

МӘЛІК ӘБДІНҰРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қазіргі таңда алдын ала болжам бойынша угарный газ деп айтып жатырмыз. Олқылық бар. Зерттеу кезінде панелдік үй ғой газ плита мен газ калонкіні  лоджыға шығарған. Алдын ала газ деп айтып отырмыз. Бірақ ол болжам».

Мәлік Әбдінұровтың сөзінше, дәл осы көпқабатты тұрғын үйде мамандар қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізген. Десе де мамандар барған кезде пәтерде ешкім болмаған. Ал газ пеш пен бағанды қылтимаға шығарғаны жөнінде хабар берілмеген.

Ресми мәліметке қарағанда, қалада қауіпсіздік шараларын сақтамай, қызыл аймаққа кірген 6 ықшам аудан бар. 12 ықшам аудан тәуекел аймаққа енген. Жыл басынан қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 33 адамға айыппұл салынған.

Дилара Иса