Премьер-Министр: «Халықтың өмір сапасын жақсарту үшін аянбау керек»

90

Жаңадан тағайындалған ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен алғаш рет үкімет отырысы өтті. Жиында үкімет басшысы жаңадан тайындалған министрлерді таныстырып, олардың алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ, үкімет басшысы 11 қаңтарда ел Президенті берген тапсырмаларды орындап, әрі халықтың сеніміне кірбің түсірмеу керек дейді.

«Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтеді». Осылай деген жаңа Премьер -министр Әлихан Смайылов алдағы уақытта Мемлекет басшысы берген нақты тапсырмаларды орындау үшін аянбай қызмет ету керек екенін жеткізді. Сөзінше, бұған дейін үкімет алдында мұндай ауқымды міндет болған емес.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер -Министрі: «Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтеді. Біздер – Үкіметтің жаңа құрамы, халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканың өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы-тонаушылар келтірген орасан шығындарды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – осындай аса ауыр жағдайда әлі ешқандай Үкіметтің алдында болып көрмеген өте күрделі де ауқымды міндет».

Азық-түлік инфляциясын тежеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу мемлекет тарапынан қадағаланады. Бұл туралы сауда және интеграция министрі үкімет отырысында мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азық-түлік тауарларының бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ, тауарларды өндіру, тұтыну және қайта бөлу теңгерімдерінің толық мониторингі қамтамасыз етіледі.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл шеңберінде импортталатын азық-түлік тауарларын тарту бойынша шаралар қабылдануда. Қажет болған жағдайда экспорттық шектеу жөніндегі шаралар уақытылы қабылданатын болады. Қазірдің өзінде мал мен көкөніс экспортына тыйым салынды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, шекті бағалар тетігі қайта қаралды. Бұл бағаның одан әрі өсу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді. Жекелеген тауарлар бойынша бағалар айтарлықтай өскен жағдайда, монополияға қарсы орган белгіленген тәртіппен шекті бағаларды әкімшілік бекіту құралы уақытылы қолданылатын болады».

Ал үкімет отырысында баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Қазақстанда кредиттердің пайыздық ставкасы төмендетілетінін хабарлады. Әрі несие төлеуге шамасы жетпейтін азаматтарға кредит беру шектеледі. Бұған дейін Мемлекет басшысы ел азаматтарының қарызы шектен тыс көбейіп кеткенін айтқан еді. Агенттік төрағасының сөзінше, алдағы уақытта президенттің тапсырмасына сай банк және микроқаржы ұйымдарына қосымша шектеулер енгізу қарастырылады.

Мәдина Әбілқасымова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
«Ол үшін ставкалардың шекті мәнін төмендету, сондай-ақ кредит бойынша сыйақының тиімді ставкасы есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу көзделіп отыр. Бұл жаңадан берілетін кредиттер бойынша халықтың борыш жүктемесінің өсуін шектейді».

Айта кетейік, Әлихан Смайылов ақпан айының басында үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетінін хабарлады. Яғни, үш апта ішінде үкіметтің 2022 жылға арналған бағдарламасы дайын болуы керек.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева