АГРС-3 нысаны жылыту маусымы аяқталған сәтте іске қосылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов айтты.
Бұған себеп – қысқы ауа райында магистралды газ құбырының жарылып кету мүмкіндігінің жоғары болуы. Дегенмен, жеке және заңды тұлғаларға техникалық шарт беруге 31 қаңтардан бастап рұқсат беріледі. Қазіргі таңда аталған нысанда сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2022 жылдың қаңтарында іске қосылады деген АГРС-3-тің жыры енді наурыз айының аяғына дейін созылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, аталмыш нысанды күн суықта қосу — жарылып кетуі қаупін тудырады екен. Ал енді тұрғындар үйлеріне көгілдір отын қосу үшін жылыту науқанының бітуін күтеді.
Мәулен Айманбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Нысан 3 рет сынақтан өтті. Көптеген қателіктер болды. Бірақ АГРС-ті қыста қосу қауіпті, жарылып кетуі мүмкін. Сол себепті амал жоқ, тағы күту керек. Іске қосу уақыты наурыз айының аяғы немесе сәуірдің басына тура келеді».
Сонымен қатар, Мәулен Айманбетов Шымсити және Тұран шағынауданының тұрғындарынан жылу мәселесі бойынша туындаған қателіктер үшін кешірім сұрады.
Еске салайық, бұған дейін аталған аймақтарда қазандықтағы жылу қуатының жетіспеуінен тұрғындар қыстың көзі қырауда жылусыз қалған еді. Әкім орынбасарының сөзінше, бұл іске жауаптылар міндетті түрде жазаланады, ал қазандықтың қысымы алдағы уақытта 70%-дан төмен түспейді.
Мәулен Айманбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мұндай мәселеге тап келгендері үшін тұрғындардан кешірім сұраймын. Салғырттық танытқандар жауап береді. Негізгі қысымы 70% болған, бірақ қазандықты 50-60% қосып жүрген, сол себепті жылу болмаған. Енді күн жылып кетсе де 70-тен түсірмейтін болады».
Дегенмен, 31 қаңтардан бастап жеке және заңды тұлғалар үшін техникалық шарт беру жұмыстары басталады. Құжат дайындау ұзақ уақытты алатындықтан ерте бастай беруді жөн көріп отырмыз дейді жауаптылар.
Алайда, құжат тек АГРС-3 нысаны қосылғаннан сәттен бастап күшіне енеді. Сондай М.Айманбетов 2022 жылы қаланың 95 пайызға жуығын, ал 2025 жыға дейін 100 пайыз халықты толық көгілдір отынмен қамту жоспарланып отырғанын айтты.
Гүлдана Дәурен