Шымкентте мектеп директоры лауазымына конкурс өткізілді

179

Шымкентте мектеп директоры лауазымына үміткерлер конкурсының әңгімелесу кезеңі өтті. 7 кезеңнен тұрған конкурстан, қала бойынша 17 кандидат іріктелді. Әңгімелесу барысында конкурстық комиссияның көңілінен 6 үміткер шығып, білім ордасының басшы қызметіне тағайындалды.

Шымкентте мектеп директорларын тағайындау мақсатында конкурстық комиссия құрылып, үміткерлер іріктелді. Солардың бірі – Бағлан Үмбетбаев. Қаладағы Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта мектебінде 10 жылға жуық қызмет атқарып келеді. Ол мектеп директоры білім ордасын жаңа бір деңгейге көтеретін көшбасшы болу керек есептейді.

Бағлан Үмбетбаев, «Жаһандану заманында инновациялық әдістер күн сайын дамып жатыр. Қазіргі мектеп директорлары көшбасшы болуы керек, менеджер болу керек, мектепті жаңа бір көзқараспен өзгерістер жасау керек. Себебі, заман талабы солай, одан біз қашып құтыла алмаймыз. Ең бастысы, мектепті жоғары дәрежеге жеткізу».

Болашақ директорлар 7 түрлі сынақтан өтеді. Әуелде сынға түскен 40 үміткердің, он жетісі ақтық кезеңге өтті. Конкурстық комиссияның шешімімен тек алтауы іріктеліп, мектеп директоры лауазымына тағайындалды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы: «Бірінші кезекте мектеп директорын тағайындау оңай емес. Ол жерге білімді, сапалы, өзінің ойын анық жеткізе алатын, шындығына келгенде менеджер, кез келген ортада тіл табыса алатын, ең бастысы жауапкершілігі мол азамат болуы керек. Ол жерге бастық боламын деп емес, көшбасшы боламын дейтін азамат керек. Дәл осы әңгімелесу барысында үміткерлердің жан-жақты қырлары талқыланды».

Әңгімелесу комиссия алдында оффлайн режимінде өтті. Ал үміткерлерді қолдап келген жанкүйерлер байқау барысын тікелей эфирде бақылауға мүмкіндік алды. Комиссия құрамына жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, журналистер мен білім ардагерлері кірді. Сұхбаттасудың соңғы кезеңіне өтпеген үміткерлер қайтадан өз бақтарын сынай алады, бірақ басшы қызметіне жаңа конкурс жарияға шыққан соң ғана қатысады.

Әлихан Файызхан