Сындарлы сұхбат

31

Құрметті Отандастар!

Күні кеше, Президентіміз Қ.Тоқаев қоғамды алаңдатқан қасіретті қаңтар оқиғасының себептері мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестерімен қарым-қатынастары туралы «Хабар 24» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді.

Президент қаңтар оқиғасына қатысты маңызды деректерге тоқталып, Алматыға шабуыл жасаған содырлардың жұмысшы атын жамылып келгенін айтты. Ол өз сөзінде: «Бұл адамдар материалдық құндылықтарға қызықпаған. Олар әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарды басқарды. Олар қылмыстық істерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты құжаттарға қызығушылық танытты. Бұл — мұқият жоспарланған әрекет. Сырттан келген содырларды тарта отырып, басқыншылық әрекет жасалды. Содырлардың әуежайды басып алу әрекетін ұйымдастырғанын байқаған боларсыздар. Қазір тергеу нәтижесі Орталық Азияның бір қаласынан келген азаматтардың әуежей арқылы өтуін қамтамасыз ету үшін басып алынғанын көрсетіп отыр. Олар — оқытылған жауынгерлер. Жұмысшы атын жамылып, шекара арқылы қалаға кіріп, операцияны басқарған», — деді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Алматыдағы бүлік кезінде оқ ату туралы бұйрықты мемлекеттің қауіпсіздігі үшін бергенін және елге тартылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін шақырғаны үшін ешкімнің алдында қарыз болып қалмағандығын түсіндіріп айтты. Өйткені, бүгінде осы мәселеге қатысты ел арасында шындыққа жанаспайтын түрлі әңгімелер жүр. Президент бұл жөнінде «Біз қарыз болып қалдық деген сияқты қауесеттерге келсек, ондай әңгіме өте көп айтылды. Мен жауапкершілікпен айтамын, Владимир Владимирович Путинмен «кейін есеп айырысармыз» деген мағындағы ешқандай әңгіме болған жоқ. Кремль тарапынан ешқандай алдын ала шарт та болған жоқ. Түптеп келгенде, Ресей — Қазақстан үшін одақтас мемлекет. 2013 жылы Екатеринбург қаласында тиісті келісімге қол қойылған», — деп, түйіндеді. Айтуынша, аталмыш құжатта Ресей мен Қазақстанның одақтастық қатынасы туралы айтылады. «Елдеріміздің арасындағы қатынас Алматыдағы оқиғаға дейін де әрдайым тығыз, конструктивті, шынайы әріптестік сипатта болған еді. Осы қатынас жалғаса береді. Мен ақпанның ортасына қарай Ресей Президентінің шақыруымен Мәскеуге сапармен барамын және біз елдеріміздің арасындағы ұзақ мерзімді әріптестік туралы өте маңызды құжаттарға қол қоямыз», — деді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның парламенттік жүйесін реформалау бойынша ойланып жүргенін айтты. Бұл жайында 28 қаңтарда өткен «Nur Otan» партиясының съезінде де айтқанын жеткізді. Осы орайда, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінде ұстамды әрі мықты бірнеше партияның болуы керектігін және бұл бағытта саяси мәдениетті өсіру аса маңызды екендігін атап өтті.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі соңғы кадрлық тағайындауларға қатысты түсінік берді. Президент қызмет етіп жүрген кадрларды толықтай жұмысынан шеттету тәжірибесіне қарсы екенін айтты. Кадрларды біліктілігіне, жұмысты атқару сапасына қарай бағалау маңызды деп атап өтті. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Үкіметті 100 пайыз ауыстырып, өзіңді революционер ретінде жария етіп, көпшіліктің алдында осындай әрекеттер жасауды қолдамайтынын жеткізді. Дегенмен, Президент жұмысында жауапкершілігі жоқтары қызметте жүре бермейтінін және жұмыс барысында талантты және білімді мамандар қарастырылатынын да атап өтті.

Сонымен қатар, Президент судьяларға қойылатын талап өзгеретінін және судьяларды іріктеуде қандай қасиеттеріне басты назар аударылатынын мәлімдеді. Басты өлшем парасаттылық пен адалдық болуы шарт екендігін жеткізді.

Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасымен техникалық мамандарды Ресейде оқыту жөніндегі мәселеге де тоқталды. Оның себебі, Ресейдегі техникалық мамандарды дайындайтын оқу орындары сапасының жоғарылығы мен тілдік кедергінің орын алмайтындығында екендігін атап өтті. Әрине, бұл тұста Батыста оқығысы келетін жастарға еш кедергі жасалмайтындығы айтылды. Сонымен бірге, Президент Батыстың оқу орнының дипломының болуы жоғары білім көрсеткіші еместігін атап өтті. Бұл жөнінде Президент: «Мен батыстық білімді дәріптемес едім. Онда да өз проблемалары бар және біз Батыс университеттері де диплом шығаратын кеңселерге айналып жатқанын білеміз. Ақшаны төле де, біраз уақыттан кейін дипломды ала бер, кейбір жастарымыз мұны пайдаланып жүр», — деді.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жағдайын көтеру мақсатында шағын және орта бизнес үлесін арттыру, оларға қолдау көрсету бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Бұл орайда, банктерден жеңілдетілген несиелер беру жұмысы оңтайландырылатындығы айтылды. Өз кезегінде, бұл шағын және орта бизнестің дамуына ерекше серпін беріп, ел экономикасын жаңғыртудың негізі болатыны анық.

Жалпы, Президенттің қоғамда жиі талқыланып, көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сауалдарға берген нақты әрі тұшымды жауаптары көпшіліктің көңіліне сенім ұялатқаны анық.

Бүгінде еліміз қаңтар оқиғасы салдарынан орын алған қиындықтарды сәттілікпен жеңіп, жаңару кезеңіне қадам басып келеді.

Сондықтан, дана халқымыз «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеретініміз сөзсіз.

 

Балабиев Қайрат Рахымұлы6

Түркістан облысының мәслихат хатшысы