Үздік оқушылар мемлекеттен сыйақы алады

148

2022 жылы Қазақстандықтардың сапалы білімге қолжетімділігі артады. Сала жауаптылары биыл 200 жаңа мектеп салу арқылы орын санын көбейтуді жоспарлап отыр. Басты мақсат – білікті ұстаздарды даярлау. Бұл үшін Білім министрлігі қазірдің өзінде әлеуметтік сыйақы беруді қолға алып отыр. Білім беру саласында тағы қандай жаңалықтар бар?

Ауыл мектептерін дамыту, мұғалімдердің жалақысын көтеру және қазақстандықтардың білім деңгейін арттыру. Бұл білім және ғылым министрлігінің 2022 жылға қойған жоспарларының бірі. Еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағанбетовтің айтуынша, қала мен ауыл оқушыларының білім деңгейі алшақ болмауы керек. Ал ол үшін ұстаздардың біліктілігін жоғарылатып, әлеуметтік қолдау көрсету маңызды.

Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі: «Биыл кемінде 70 000 мұғалім жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарына үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылмақ. Оларға қомақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі, жалақының ставкасы көтеріледі, тұрғын үй жалдау ақысы және коммуналдық қызмет ақысы төленеді. Бұл шаралар аталған өңірлердегі білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған».

Үздік оқушылар үшін қуанышты жаңалық. Енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен шәкірт дайындаған оқытушы-жаттықтырушыларды ақшалай сыйақымен ынталандырады. Оның ішінде, алтын медаль иелеріне 1500, күміс медальға 1000, қола медаль иегерлеріне 500 Айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржы беріледі.

Қуаныш Ерғалиев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық бағыттағы кадрларды даярлауға баса мән берілмек. Техникалық және IT салаларға арналған гранттар 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Батыс өңірлердегі мектеп түлектеріне грант бөлу мәселесі пысықталуда: Маңғыстау, Атырау облыстары. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша тапсырмаларды орындау кезінде қаза тапқан әскери, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік қызметшілердің балаларына білім гранттарын беру мәселесі пысықталатын болады».

Алға қойған жоспар көп. Бірақ оның шын мәнінде қалай орындалатыны әзірге белгісіз. Айтпақшы, ел Президенті 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқығы мен мүддесін қорғауға және білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінбек. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елдегі білім саласын жеке қадағалайтынын айтқан еді.

Аида Қарсыбайқызы